Хабар телеарнасы

Қазақстандық вакцина 300 адамға ерікті түрде салынды

Мамандардың мәліметінше, алғашқы екі күнде 300 қала тұрғынына ерікті түрде вакцина салынған.

Жалпы зерттеу аясында екі мың еріктіге екпе салу жоспарланып отыр. Сынаққа қатысатын адамдарға 200 мың теңгеден сыйақы қарастырылған.

Профессор Берік Хайруллиннің телефоны бір сәтке де дамыл табар емес. Сынақтың соңғы кезеңі Алматыдағы төртінші қалалық емхана мен МИПО клиникасында жүргізілуде. Зерттеуге ковидпен ауырмаған адамдар ғана қатыса алады. «Тестке аш қарында келу керек және бірнеше күн бұрын ішімдік ішпеген абзал», – дейді ғалым.

Берік Хайруллин, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының профессоры:

– Мына біздің зерттеуге 18 жастан бастап адамдар келе алады. Алдын ала дәрігерлер бәрін зерттейді, бізге жарайды ма, жарамайды ма соны анықтайды. Содан кейін рұқсат береді мына адамды егуге бола ма, болмай ма екені туралы. Келем деген адамдар өте көп. Біздің қазақстандықтар Отанымызда шыққан вакцинаға сенім білдіріп жатыр.

Еріктілер таңғы сағат 7:00-ден күндізгі 11:00-ге дейін қабылданады. QazCovid-in инактивті вакцинасы Отардағы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында жасалған. Барлық жұмыстар институттың Бас директоры, биология ғылымдарының докторы Күнсұлу Закарьяның жетекшілігімен жүргізілуде. Зерттеудің алғашқы екі фазасы вакцинаның адам үшін қауіпсіз және тиімділігінің жоғары екенін көрсетті.

Берік Хайруллин, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының профессоры

– Вакцина ақ тышқандарға салынды, маймылдарға салынды. Көп зерттеу өткізілді ең алдымен. Біздің Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағында қаралды. Содан кейін бірінші фазасы өтті 44 адамға, содан кейін екінші фазасы 200 адамға өтті. Енді қазір үшінші фазасы болып жатыр, бұл – ең маңызды фазасы. 3 мың адамға салып жатырмыз. Содан кейін біздің вакцина тіркеу өтіп адамдарға салыну керек.

Клиникалық сынақтың үшінші фазасы Тараз қаласында да өткізілуде. Ол жерде мың адам қамтылады. Зерттеуге қатысқысы келетін тараздықтар қалалық көпсалалы ауруханаға жүгінуі тиіс. Бұл егпенің екі қайтара жасалатынын айта кеткен жөн. Екіншісі 21 күннен кейін салынады. Еріктілердің барлығы сынақ бойы дәрігерлердің қадағалауында болады. Сондай-ақ Алматы әкімдігі қалада 200 мың ресейлік «Спутник V» антиковидті вакцинаны сақтайтын қоймалардың дайын екенін хабарлады. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Радик Жақыпов