Шетелдегі Қазақстан азаматтары дауыс беріп жатыр
Сайлау учаскесі Сеулде ашылды. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты мұнда сақтық шаралары барынша күшейтілген. Алдымен сайлаушының дене қызуы тексеріледі. Кейін қолдарын залалсыздандыруы тиіс. Дауыс беру бөлмесіне бір адам ғана кіре алады. Сондай-ақ әр азаматқа бір реттік қалам беріледі. Ал Қытайдағы Қазақстан азаматтары Бейжіңде, Шанхайда және Гонконгта дауыс бере алады. Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07:00-де ашылды. 18-ге толып алғаш рет сайлауға қатысқан жас отандастарымыз өз таңдауын жасап, сыйлыққа ие болды. Бірер сағат бұрын Мәскеудегі Қазақстан елшілігіндегі сайлау учаскесі де өз жұмысын бастады. Отандастарымыз Санкт-Петербург, Қазан, Астрахань және Омбы қалаларында да дауыс бере алады. Сайлау учаскесі Ташкентте де ашылды. Көрші мемлекетте жұмыс істейтін немесе мұнда уақытша келген отандастарымыз Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде дауыс беріп жатыр.
Құрасбек Сәдібеков, сайлау комиссиясының мүшесі:
- Екі дауыс беру кабинкасын және сайлау жәшігін орнаттық. Бұдан бөлек, денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын қазақстандықтар үшін жылжымалы сайлау жәшігі де қарастырылған. Ал коронавирустық инфекция таралмауы үшін, дауыс берушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сайлау учаскесінде қауіпсіздік шаралары сақталған.