Маңғыстау өңірінде жүзге және 104 жасқа келген қос қария өз таңдауларын жасады
Жалпы аймақтағы екі қала мен бес аудандағы 231 сайлау учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр. Оның 14-і вахталық әдіспен жұмыс істейтін кен орындары мен әскери бөлімдердегі жабық сайлау учаскелері.
Гүлмира Әбішева, тілші:
- Қазір Ақтау қаласындағы №51 сайлау учаскесінде тұрмын. Мұнда 1479 дауыс беруші тіркелген екен. Ашылғалы жарты күннің ішінде соның жартысы келіп, өз таңдауын жасап үлгерді. Айта кетерлігі, учаске санитарлық талаптарға сай жабдықталған. Өздеріңіз көріп тұрғандай, кіреберіске антисептик қойылған. Дауыс беруге келгендердің дене қызуы өлшенуде. Бетпердесін ұмыт қалдырғандарға бетперде беріліп жатыр. Ал комиссия мүшелерінің барлығы пластикалық қорғаныш құралы мен қолғап киіп алған. Бір реттік қаламдар қойылған. Сағат сайын ғимарат іші жуылып, тазалануда.
Зарифа Қазиева, Ақтау қаласындағы №51 учаскелік сайлау комиссиясының төрағысы:
- Биылғы сайлаудың ерекшелігі санитарлық талаптарға қатты көңіл бөліп жатырмыз. Егер де дауыс берушілердің дене қызуы көтерілген жағдайда оларды уақытша отырғызатын кабинет дайындалды. Медбикеміз бар. Алайда әзірге күмән туғызатын жағдай тіркелген жоқ. Сайлау комиссиясының мүшелері алдын ала тыңғылықты дайындықтан өтті. Барлық заңды, сайлаудың өту тәртібін оқып, меңгерді. Сайлау процесі қалыпты жағдайда өтіп жатыр.
Гүлмира Әбішева, тілші:
- Міне, дауыс беру басталғалы жеті сағаттан аса уақыт өтті. Осы аралықта Маңғыстау ауданында бір ғасыр жасаған қос қария сайлауға қатысып, дауыс беріпті. Олар үйлерінде дауыс беру мүмкіндігіне ие болған. Бірі жақында ғана жүз жылдық мерейтойын тойлаған Ақілгек әжей, екіншісі 104 жастағы Қанзия әже. Екеуі де тыл ардагері, көпбалалы ана екен. Айта кетейін, Маңғыстауда облыстық, қалалық және аудандық мәслихатқа төрт саяси партиядан барлығы 319 кандидат тіркелді. Оның 131-і әйелдер мен жастар.