Хабар телеарнасы

2023 жылдан бастап латын қарпіне көшу басталады

Бұл туралы Асқар Маминнің қатысуымен өткен Ұлттық комиссия отырысында белгілі болды. Жаңа әліпбиде 31 әріп бар. Қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қоғам арасында қызу талқыланған ә, ө, ү, ұ, ғ, қ, ң, ш әріптері диакритикалық таңбалармен берілген.

Мамандардың сөзінше, әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» қағидасына толық сәйкес келеді.

Мұрат Бақтиярұлы ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Бұл жобаның қалай дүниеге келгені, қаншама рет талданғаны, ғалымдарымыздың қызу пікір-таластары менің көз алдымда. Сондықтан да бұл жоба ғылыми талқылауларда жетілдірілген, ұшталған, нақтыланған жоба деп білемін. Сол себепті де сол үдерістің ішінде жүрген азамат ретінде де еліміздің жетекші ғылыми мекемелерінің ғалымдары дайындаған емле нұсқасын қолдау керек деп санаймын.

Зейнеп Базарбаева, филология ғылымдарының докторы:

Тілші ғалымдар ұсынып отырған емле-ережелерді бірауыздан қолдап отыр. Себебі бұларда ғылым бар. Тілдің тарихы, оның диалектикалық дамуы, дыбыс пен әріптің арақатынасы бәрі зерттеліп ескерілген болатын. Қазақ тілінің барлық дыбыстары қамтылған.

Енді латын қарпіне көшу 2023 жылдан бастап 2031 жылға дейін кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Үкімет басшысы: «Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді», – дейді.

Сондай-ақ Асқар Мамин латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиін жетілдіру бойынша халық арасында кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

– Комиссия мүшелері мен мамандардың және азаматтардан келіп түскен әліпбидің 40-тан аса нұсқасын жан-жақты қарады. Тілтанушы ғалымдар халықаралық тәжірибені зерттеп, жаңа әліпбидің ғылыми негізін және қазақ тілінің емле ережелерін жасап шықты. Латын графикалы әліпбидің пернетақтаға орналасу үлгісі дайындалды. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек.

Ерлан Сыдықов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры:

– Қоғамда талас тудырған қайсыбір әріптер әбден жетілдіріліп көз, бейне, жат, салыстыру қалпында салынып жан-жақты талданды. Тілші ғалымдар, тәжірибелі оқытушы мұғалімдер қауымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіру керек деген тапсырмасының үдесінен шықты деуге негіз бар.