Хабар телеарнасы

Экономиканы еселеу – басты міндет

Биыл ел экономикасында ауыл шаруашылығының көш бастауына астықтың мол жиналуы сеп болған. Үкіметте министрлер осылай деп мақтанды. «Мұнай өндірісі төмендеген шақта бұл едәуір көңіл көншітерлік көрсеткіш»,– дейді олар. Өткен 11 айды қорытындылыған жиында тағы не айтылды?

Президентке есеп беріп келген Үкімет басшысы биылғы қаңтар-қараша аралығында жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,4% жеткенін тағы да тілге тиек етті. Әсіресе ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласының көрсеткіштері қомақты. Құрылыста Қызылорда мен Қарағанды облыстары алда келе жатса, астық жинауда Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары жоғары нәтижеге қол жеткізген. Сауда-саттық пен өңдеу өнеркәсібінде де ілгерілеу бар.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрі:

-Ағымдағы жылы экономиканың өсуі толығымен мұнай емес сектордың дамуы есебінен қамтамасыз етілуде. Мұнай емес сектордың өсуі шамамен 5,1% құрайды. Барлық 7 негізгі экономикалық көрсеткіш бойынша өсу алты өңірде Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Астана және Шымкент қалаларында байқалады.

«Сыртқы саудада да ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер бар»,– дейді Үкімет мүшелері. Әсіресе өңделген өнімнің экспорты артқан. Нақты сандарға тоқталсақ, биыл сыртқы сауданың жалпы көлемі 116,9 млрд долларға жетіпті. Оның ішінде экспорт 68 млрд доллардан асса, импорт 48 млрд доллар шамасында болған. Бұл тұста сырттан келетін өнімдердің азайғанын айта кеткен жөн. Ал республикалық бюджетке жыл басынан бері 11,8 трлн теңге кіріс түскен. Бұл биылғы жоспардың 82% ғана. Мұны Қаржы министрлігі салықтардың кем түсуімен байланыстырады.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

-Жоспар орындалмауының негізгі себептері: өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 айда 3-ші елдерден импорт көлемінің 6,4% немесе 2,3 млрд АҚШ долларына азаюы. Негізгі экспорттық металдарға бағаның төмендеуі болып табылады және де мұнайдың кем экспортталуына байланысты әсерін тигізді.

Алайда шығыс кірістен едәуір көп. Тіпті 2 есеге жуық. Ел қазынасынан биыл 20,8 трлн теңге жұмсалған. «Олардың басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталды»,– дейді жауаптылар. Теңгенің жағдайы да мәз емес. Ұлттық банк инфляция деңгейі қазір 8% дегенімен, доллар бағамының өсуіне байланысты 1 млрд доллардан астам интервенция жасауға мәжбүр болған.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

-Доллардың жаһандық нығаюы, шикізат тауарлары бағасының өзгеруі және геосаяси жағдайдың шиеленесуі аясында әлемде дамушы нарықтар валюталарының әлсіреуі байқалды. Еліміздің негізгі сауда серіктестерінің бірі Ресейдің қаржы секторына қарсы жаңа санкциялардың енгізілуінен рубльдің әлсіреуі жеделдеді.

Ұлттық банк басшысы доллар бағамын тұрақтандыру үшін енді интервенция жасалмайтынын айтады. Яғни теңге мен доллардың ара қатынасын нарық реттейді. Жиын соңында Үкімет басшысы дамуы баяу аймақтардың әкімдеріне халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жұмысты жеделдетуді тапсырды. «Ал жалпы елдің экономикасын көтеру үшін инвестиция тарту қажет»,– дейді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

-Бізде инвестициялық дамудың айқын бағыты бар. Бірақ инвестиция тарту – міндеттің жартысы ғана. Маңызды міндет – жобаларды сапалы сүйемелдеу, туындайтын мәселелерді шешу мен олардың табысты іске асырылуын қамтамасыз ету. Сыртқы істер және Ұлттық экономика министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмысын күшейтуді тапсырамын. Инвесторлардың мәселелерін реттеп, бірден шешімін табу қажет.

Бұдан бөлек Олжас Бектенов жауаптыларға инфрақұрылымды дамыту, тозған энергетикалық нысандарды жаңарту, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, инфляциямен күресу және импортты алмастыру секілді тапсырмалар берді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Азамат Сәметов