Елімізде ет өнімдеріне сұраныс төмендеді
Кей аймақтарда өнім бағасы қымбаттап кетті. Ет жемесе тұра алмайтын халықпыз ғой. Дегенмен майлы талшық пен ыстық сорпа халықтың күнделікті тұтынатын тағамдар тізімінен шығып барады. Бұған себеп те әртүрлі.
Оралдағы ет базарында бұрынғыдай қызу сауда жоқ. Сатушылар бір сиырдың етін 4-5 күнде әрең өткізетіндерін айтады. Сәйкесінше, ай сайынғы кіріс көлемі азайған. Олар тапқан табыстың жартысынан көбін ғимарат қожайыны мен жүк тасушыларға төлейді. Өткен жылдың аяғында жергілікті нарықтағы ет бағасы орташа есеппен 100 теңгеге қымбаттады.
Әлия Бақытжанова, сатушы:
– Шөпке, жемге байланысты ғой. Мал асырау оңай емес қой. Сол себептен еттің қақы көтеріледі. Жылқы еті 2 мыңнан, сиыр еті 1900-ден, қой 1800-ден басталады.
Еліміздің өзге аймақтарында да осындай жағдай. Етке сұраныстың төмендеуі пандемияның әсерінен екені байқалады. Мейрамханалар мен тойханалардың жұмысына шектеу қойылуы саудагерлердің табысын азайтыпты. Шымкент қаласында саудасы жүрмеген кейбір кәсіпкерлер ет өнімдерін бұрынғы бағамен сатуда.
Шакизат Омарова, сатушы:
– Еттің бағасы көтерілген жоқ. 2 жылдай болды бір бағаны ұстап тұрмыз. Пандемия дейді ғой әлем бойынша, соған байланысты шығар деп те ойлаймын. Көп адам қазір базарға да, көпшілік жерге де келе бермейді. Сол себепті де сауда төмендеп тұр.
Ирина Галкина, Шымкент қаласының тұрғыны:
– Мен етті анда-санда аламын. Онда да тауық етін аламын. Себебі мал етінің бағасы мен үшін өте қымбат.
Ал еліміздің солтүстігінде тығырыққа тірелген кәсіпкерлер етті қарызға да беріп жатыр. Сондай-ақ саудагерлер жергілікті шаруашылықтардан малды өзге аймақтар сатып алып жатқанын айтады.
Зәуреш Жүсіпова, сатушы:
– Ет қымбаттаған жоқ. Жаңа жылға дейін қалай саттық, солай сатып жатырмыз. Адамдардың ақшалары жоқ, біріншіден. Бүкіл ет қарызға кетеді. Екіншіден – күн аяз.
Павлодар облысында былтыр 57 мың тоннадан астам ет өндірілген. Бұл – тұтыну көлемінен едәуір жоғары көрсеткіш. Мәселен, сиыр етіне сұраныс 15 мың тонна болса, шаруашылықтар нарыққа екі еседей өнім шығарған. Аймақтағы ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілердің көбісі етті өңдеу кәсіпорындарына, мемлекеттік сатып алу арқылы әлеуметтік мемекелерге тапсырады. Ал базарларға мал етін шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындары әкеліп сатады.
Бауыржан Нұрпейісов, шаруа қожалығының басшысы:
– Мал азығы қымбат. Біз негізінен қаладағы базарларға тапсырамыз. Сиырдың етін – 1700, жылқы етін – 1800 теңгеден, кейде аздап қымбат бағаға өткіземіз. Қойдың еті 1600-1650 теңге шамасында болады.
Бақыт Шайхина, сатушы:
– Ет қатты қымбаттаған жоқ, елу теңге ғана қосылды. Өйткені малдың жем-шөбі қымбаттады.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
– Ет – халқымыздың күнделікті тұтынатын тағамы. Алайда қазір көпшілігі тек соғым уақытында, мереке күндери нарықтағы баға айтарлықтай өзгермесе де қала халқының қалтасы оны көтермей отыр. Сондықтан тұрғындар ет құнын тұрақтандыру бағытында мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданғанын қалайды.
Авторлары: аймақтағы тілшілердің көмегімен Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов