Хабар телеарнасы

Дәрі-дәрмек бағасы 25%-ке дейін арзандайды

Елімізде дәрі-дәрмек бағасы арзандайды. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев мәлімдеді. Жаңа жылдан бастап дәрілік заттардың бағасын реттеудің жаңа тетіктері іске қосылды. Атап айтқанда, отандық және шетелдерден келетін дәрі-дәрмектің құнына енгізілген қосымша шығындар алынып тасталды.

Онтайландырудың арқасында маркетингтік, транспорттық және сапаны бағалау шығындары азайтылған. Нәтижесінде алдағы уақытта елімізде тіркелген дәрі-дәрмектердің бағасы 5-тен 25%-ке дейін арзандауы мүмкін. Ал дәрі-дәрмектерді сатып алу бойынша бюджеттің 56,6 млрд теңгесі үнемделеді. Бұл қаржы науқастарға аса қажетті препараттарды сатып алуға жұмсалады,-дейді мамандар. Сондай-ақ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша берілетін көмектің сапасы артады. 

Жандос Әділхан, ҚР ДСМ Дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры: 

- Атап айтатын болсақ, бұрындары қымбат бағада ұсынылатын дәрі-дәрмектің бағалары төмендеуі арқылы медициналық ұйымдар сол қажетті қолжетімсіз болып келген дәрілерді сатып алу арқылы өздерінің көрсетілетін көмегін халыққа сапалы түрде көрсетеді деген ойымыз бар.