Мемлекеттік бағдарламаның орындалуы неге баяу?
Мысалы, халықты баспанамен қамтуға бағытталған «Нұрлы жер» бағдарламасының өзі кей аймақтарда дұрыс орындалмай отыр. Бұл жайтқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында тоқталған болатын.
Кезекте тұрғандар көп. Бірақ әзірге баспана жоқ. Десе де салалықтар: «Павлодар мен Түркістан облыстарында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр», – дейді.
Түркістан қаласының тұрғыны Роза Қиқымбаева екі баласымен жылдар бойы мына қуықтай бөлмені жалдап тұрады. Жалғызбасты ананың жайлы үйді жалға алуға шамасы жоқ. Тапқан-таянғаны шиеттей бала-шағаны асырауға әзер жетеді.
Роза Қиқымбаева, қала тұрғыны:
– Тұрып жатқан үйім мынау, қыстыгүні суық болады. Асты – бетон. Сонда да амал жоқ 37 мыңымды әрең жеткіземін.
Сәбит Табылдиев, облыстық Құрылыс басқармасы Тұрғын үй бөлімінің басшысы:
– 2020 жылы Түркістан қаласында 24 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілді. Жоспар бойынша жыл соңында барлық үй пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда жаһандық пандемияға байланысты жұмыс күші азайды. 24 тұрғын үйдің 12-сі аяқталып, 660 пәтер дайын тұр.
Ал Ертіс өңірінде пәтер кезегінде тұрғандардың саны 26 мыңнан асты. Өткен жылы 4 жарым мыңдай тұрғын тізімнен алынып тасталды. Себебі бірінің әлеуметтік мәртебесі өзгерсе, екіншісі – пәтерлі болған.
Анар Омарова, облыстық ТҮКШ басқармасының бас маманы:
– 2021 жылы кезекте тұрғындардың санын азайтамыз. 1764 адам баспаналы болады деп күтілуде. Екі жыл бұрын 2213 пәтер қолданысқа берілсе, былтыр 1096 үйлі болды. Облыста кезекте тұрғандардың ортақ бірыңғай базасы құрылды. Бұл тізім автоматты түрде жаңартылып тұрады. Ақпарат ашық.
Өткен жылы Қызылорда облысында 778 мың шаршы\метр тұрғын үй салыну жоспарланған. Бірақ пандемия әсерінен ол 2 мыңдай шаршы\метрге қысқарып, құрылыс көлемі қайта бекітілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 20 миллиард теңгеге былтыр басталған 100 үйдің 39-ы ғана пайдалануға берілген. Облыстық әкімдіктегілер: «Кеткен есені биыл қайтарамыз», – деп отыр.
Қамбар Бекенов, тілші:
– Ағымдағы жылы аймақ бойынша 139 үй бой көтеріп, соның 101-іне баспана кезегіндегі тұрғындар жыл аяғына дейін қоныстанбақ. Одан бөлек әлеуметтік осал және көпбалалы отбасылар үшін 342 пәтер сатып алынады. Оған жергілікті бюджеттен 3 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді. Өңірде құрылыс көлемін өткен жылғы көрсеткіштен 9%-ке артығымен орындау жоспарланып отыр. «Былтыр 591 мың шаршы\метр белгіленген болса, биыл 644 мың шаршы\метр тұрғын үй пайдалануға беріледі», – дейді әкімдіктегілер.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов