Қақаған қыста солтүстікқазақстандық диқандар жасанды жолмен егістікті ылғалдандыруға кіріскен
Қыстың қақаған аязына қарамай егіс алқаптарына тегеуірінді техникалар шығып, қара жерді қолдан ылғалдандырып жатыр. Бәрі де астық шығымдылығын арттыру үшін.
Самат Қайырденұлы, тілші:
-Қар тоқтату жұмыстары – әрине, артық шығынды талап ететін технология. Дегенмен шаруалардың айтуы бойынша, бұдан олардың ұтары көп. Яғни күзде диқандар осының арқасында жақсы өнімге қол жеткізе алады.
Былтыр жаз ыстық, күзде жауын-шашын мөлшері тым аз болды. Сондықтан шаруалардың алаңдайтындай жөні бар. Яғни қазір топырақтағы ылғал қоры тым аз. Ал ақ ұлпаның қалыңдығы небәрі 15 сантиметрдей ғана.
Жомарт Омаров, шаруа:
-10 жылда диқандар осы қар тоқтатумен айналысқанын мен естіген емеспін. Өйткені жылдағы ылғал қоры топырақтағы, мөлшерінен көп болып отырды. Күзгі жауын жақсы болып отырды. Жаз жаңбырлы болатын. Өзі күзгі жиын-терім кезінде бөгетін жасап, жер ылғалды болатын. Ал қазіргі топырақ өте құрғақ. Сондықтан осыған барып жатырмыз.
Синоптиктердің мәліметше, жердің тоңы биыл өңірде 1,5 метрге дейін қатып қалған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі есеге көп.
Дәурен Қошығұлов, «Қазгидромет» РММ СҚОФ бөлім басшысы:
-Жердің қыртысы биыл едәуір қатты. Мәселен, тоңның ең қалың жері Ғабит Мүсірепов ауданында тіркеліп отыр. Онда 146 сантиметрге жетті. Ал қар болса былтырғыдай.
Қазіргі таңда өңір шаруалары 600 мыңнан астам гектар аумақта қар тоқтату жұмыстарын жүргізіп үлгерді. Бұл шамамен жалпы егістік алқабының 21 проценттен астамы.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев