Екі жыл көлемінде вакцина қайта егілуі мүмкін
Бұл туралы елорданың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы мәлімдеді. Тимур Мұратовтың айтуынша, коронавирусқа қарсы вакциналау жалғасып жатыр. Әзірге бес медицина қызметкері өз еркімен вакцина салдырудан бас тартқан.
Тимур Мұратов, Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Вакцинация ерікті түрде, әр адамның екпе алу-алмау құқығын сақтай отырып жасалады. Бүгінде Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймасында КВИ-ға қарсы вакцинаның 1 531 дозасы бар. Еске салайық, тұрақты профилактикалық егулерге және уақытша медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарға КВИ-ға қарсы екпе салынбайды.
Бұдан бөлек мамандар коронавирус жұқтырған және симптомсыз түріне тап болған азаматтарға екпе егілмейтінін айтты. Ал осы сынды науқастармен қарым-қатынаста болған жандар карантин мерзімі аяқталғанға дейін вакцина салдырмайды. Қазір вакциналау бес қалалық емханада жүргізіліп жатыр. Келешекте халықты жаппай вакциналау кезеңі басталғанда, қала бойынша 36 ұйымда екпе бөлмелері ашылады. Сондай-ақ мамандар бір рет ем алған азаматтарға қайта екпе егілуі мүмкін екенін айтады.
Елена Ковзель, «UMС» клиникалық иммунология, аллергология және пульмонология бағдарламасының жетекшісі:
- Халыққа 1-2 жылдан кейін тағы вакцина салдыруымыз мүмкін. Алайда ол екпе ектірген азаматтың антиденесі мен ағзасында сақталатын жасуша иммунитеті жеткіліксіз болып жатса қайта егіледі. Ғылыми негізделген мәліметтерге тоқталсақ, ауырып шыққан пациенттерде үшінші-алтыншы айда антиденелердің нөлдік деңгейге дейін төмендегенін көріп жүрміз. Аталған адамдарда сақталатын жасуша иммунитеті жеткіліксіз болуы мүмкін. Жеңіл формада ауырғандарда орнықты жасуша иммунитетін қолдау үшін вакциналау қажет екені анық.
Қазір отандық препарат туралы ақпарат әлеуметтік желіде көп таралып жатыр. Брифингке қатысқан сарапшы QazCovidIn вакцинасы бір жыл зерттелгенін айтады. Оған 44 адам қатысып, ешқайсысынан теріс реакция байқалмаған. Бұл – сынақтың бірінші кезеңі. Екінші кезеңге 200 ерікті қатысқан. Ал зерттеудің үшінші фазасы 25 желтоқсан басталды. Зерттеуге 3 мың адам қатысады деп жоспарланған.