Хабар телеарнасы

Түркістанда босанған әйел төсек тартып қалған

Түркістан облысының Жетісай қаласында босануға өз аяғымен барған келіншек перзентханадан шыққан соң, жүре алмай қалған. Рабиға Дәулетова 2 айдан бері төсек тартып жатыр. Ауыл тұрғыны дәрігерлердің салғырттығынан денсаулығым күрт нашарлап, аяғым жансызданып қалды дейді. Ал перзентхана дәрігерлерінің мәселеге қатысты өз айтары бар.

29 жастағы Рабиға Дәулетова төртінші перзентін 2 ай бұрын ғана босанған. Бірақ сәбиін дүниеге әкелген соң, жүре алмай қалған. Екі аяғының қозғалыссыз қалғанына дәрігерлер кінәлі дейді.

Рабиға Дәулетова Өркен ауылының тұрғыны:

- Маған белден бермей-ақ толық ұйықтата салыңызшы, 2019 жылы операция жасаған кезде мені толық ұйықтатқан деген ем. Тыңдамады. Қайта-қайта айта бердім сезгендей. «Жоқ, болмайды. Біз тек белден саламыз. Бізде қазір заң сондай» деп, өзіме ұрсып салды. «Жүріп көрейінші, аяғым неге бұлай» деп, мына жерде тұрған ем, алдыға етпетімнен құладым. Екі аяғымды мүлдем сезбей қалдым.

Өздігінен жүріп-тұрудан қалдым деген келіншекті қазір күйеуі жетектеп, ем-домға апарып жүр. Өз аяғыммен жүремін деп талпынған ол абайсызда құлап,  тобығын үш жерінен шығарып алған. Шарасыз күйге түскен әйел денсаулық сақтау министрілігінен бастап, басқармаға дейін шағымданғанын айтады.

Рабиға Дәулетова Өркен ауылының тұрғыны:

- Операциядан кейін менде осындай нәрселер болып жатыр, наркоздан кейін кері әсері жүріп жатыр, басым ауырғанда менде сондай нәрселер болып жатыр» деп едім, «Жалаңды жап па, маған не дейсің? Мен сенің аяғыңа жасаған жоқпын операцияны маткаңа жасағанмын. Неге жатырсың үйіңде, бар қарал» дейді.

Ал аудандық аурухана дәрігерлері операцияның сәтті өткенін, босанған келіншек перзентханадан аман-есен өз аяғымен шыққанын айтады. «Кейін үйіне барғаннан соң не жағдай болғанын біз білмейміз ғой. Мүмкін дұрыс күтінбеген шығар» дейді. Сондықтан ақ халаттылар кез келген тексеріске дайынбыз деп отыр.

Ләйлә Мамырайымова, аудандық аурухана басшысының орынбасары:

- Аяқтың ауруының басқа да себептері болуы мүмкін. Оған тексерілуі керек. Мүмкін ол анастезияның салдары емес шығар. Мүмкін басқа ауруы бар шығар, сол үшін оған тексеріліп, анықтатып алу керек, неден болып жатқанын.

Аяғын баса алмай қалған келіншек қазір жекеменшік клиникада ем алып жүр. Ақырындап аяғын басып келеді. Алайда ол кінәлі дәрігерлер тиісті жазасын алса дейді. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары бұндай жағдай өңірде бірінші рет болып отырғанын жеткізді. Өңірде ана мен бала өлімі соңғы жылдармен салыстырғанда әлде қайда төмендеген.

Авторлар: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.