Қостанай облысы дүкеншілері неге дүрлікті?
Олар: «Кішігірім сауда орындары электрондық есеп жүргізуге дайын емес», – деп отыр. Себебі оған қосымша техника керек, маман жалдау қажет.
Бізбен кездесуге Қостанайдың елуге жуық дүкен иесі келді. Олардың бәрі бір ауыздан әр тауарға ілеспе жүк құжатын, шот-фактура рәсімдеуге қарсы. «Бөлшек сауда орындары әр заттың кіріс-шығысының электрондық есебін жүргізуге әзір емес», – дейді кәсіпкерлер.
Сәуле Ермағанбетова, дүкен иесі:
- Бізге түскен тауардың бәрін қағаз арқылы, виртуалдық склад арқылы тіркеуіміз керек. Ол бір бөлек, сатушы келген адамдарға бір шырпы, бір бөлке нан сатсақ та бәріне ілеспе жүк құжатын жазып беруіміз керек. Электрондық шот-фактураға болса арнайы бір адам алу керек. Оған айлықты төлей алмаймын.
Мемлекеттік кіріс департаментінің өкілдері: «Алаңдауға негіз жоқ», – деп отыр. Оның үстіне бұл жобаны енгізу уақыты шілдеге дейін ұзартылған. «Біршама жеңілдік қарастырылған», – дейді. Айтуларынша, бөлшек саудамен айналысатындарға ілеспе жүк құжатын толтыру-толтырмау өз еріктерінде. Жоқ болса, ешкім жазаламайды. Электрондық шот-фактураны да әзірге алып тастағанға ұқсайды.
Сәтжан Ұзақбаев, Қостанай облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:
- Бұрын тауарды қабылдағандығын дәлелдейтін электрондық шот-фактура болуы міндеттелген. Қазір ол тоқтатылды. Арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін шағын дүкендерден электрондық шот-фактура сұралмайды. Бухгалтерлік есепті де жүргізудің қажеті жоқ.
Бірақ ерте ме, кеш пе, әр заттың электрондық ілеспе жүк құжаты болуы міндеттеледі. Халықаралық ұйымдарға мүше Қазақстанның бұл талапты орындауы шарт. Әрине, ол кезең-кезеңмен іске асырылады. Сарапшылар карантиндік шектеудерден титықтаған шағын бизнеске бұл жүйені енгізу әлі ертерек деп біледі.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Бұл жоба турасында мамандар пікірі екіұдай. Бір жағынан тауар қозғалысының ашықтығын қамтамасыз ету міндет, алайда электрондық есепке көшуге мәжбүрлеудің соңы шағын бизнесті шатқаяқтатып жібермей ме? Облыста 42 мыңға жуық шағын бизес субектісі бар екен. Соның басым бөлігі сауда саттықпен айналысады. «Сондықтан экономикалық тиімділік пен әлеуметтік тұрақтылықты барынша елеп-екшеп алған дұрыс», – дейді мамандар.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг