Оралда көлік қоятын орын тапшы
Көпқабатты үйлермен қатар, көшелер мен әлеуметтік нысандардың маңайында да орын тапшы. Сәйкесінше қала жыл санап кеңейіп, көлік те көбейді. Ендеше автотұрақ мәселесі қашан шешілмек?
Бұл – өрт сөндірушілердің айтқан уәжі. Кейбір көппәтерлі үйлердің ауласына ауыр техникалар кіре алмайды. Өйткені тұрғындар көліктерін ретсіз қойып кетеді. Салдарынан оқыс жағдайлар кезінде құтқарушылар біраз уақыт жоғалтып алады. Оның үстіне бірқатар ауланың кіреберісіне тұрғындар бетон-блок орнатқан.
Әсет Аманғожиев, БҚО ТЖД аға инженері:
- Өрт болған жағдайда автосаты кіріп, қарсы қойылуы керек. Оны қою үшін мына тоспалар кедергі жасайды. Блоктарды айналып өту үшін басқа көшемен айналып келу керек.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Әрине, көпқабатты үйлердің ауласында автотұрақтар қарастырылған. Алайда тұрғындар олардың аумағы тар екеніне шағымданады. Кейбір тұрғындар автотұраққа көліктері сыймағандықтан, мынадай кіреберістің алдына қоюға мәжбүр. Алайда ол үшін әкімшілік жауапқа тартылулары мүмкін.
Сондай-ақ жүргізушілер аула түгіл басты көшелерде де, әлеуметтік нысандар жанында да автотұрақтар жетіспейтініне қынжылады.
Әлібек Мәжитов, жүргізуші:
- Автотұрақтарда орын бола бермейді. Мәселен, мен емханаға келіп тұрмын. Амалдың жоқтығынан көлігімді мүгедектерге арналған орынға қойдым. Сол үшін полицейлер әкімшілік хаттама толтырды.
Сәулет бөлімінің мамандары шаһарда автотұрақтар жетіспейтінін жасырмады. Олар келешек еншісіндегі ғимараттардың жобасын әзірлеуде бұл кемшіліктер ескерілетінін айтты.
Ботагөз Түстікбай, қалалық сәулет бөлімі басшысының орынбасары:
- Бізге келіп түсіп жатқан жаңа құрылыс нысандарына рұқсат алу қағаздарына бірден автотұрақ қарастыруды талап етеміз. Автотұрақ орны қарастырылмаған болса, келісімнен өтпейді. Болашақта жерасты тұрақтарын салуымыз мүмкін.
Аймақта көліктер саны күрт көбеюде. Полиция департаментінің мәліметінше, былтыр 142 985 көлік болса, биыл олардың саны тағы бір мыңға артты. Құрылыс саласының мамандары көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлесін автотұрақ ретінде қолдану ұсынысын да талқылап жатыр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов