Оралда сұйытылған газ тапшы
Қыркүйекте облыс әкімдігінің мамандары «Таяуда жергілікті зауыттың өніміне толықтай көшеміз, қазаннан бастап газ жеткілікті болады», - деген еді. Алайда айдың ортасы ауды, мәселе шешілер емес.
Батыс Қазақстан облысы тәулігіне 150-170 тонна пропан тұтынады. Рожков кенішіндегі зауыттан күніне 220 тонна сұйытылған газ шығарылады. Соның 120 тоннасы ғана жергілікті тұтынушыларға қалса, 100 тоннасы Атырауға жөнелтіледі. Мамандар қазіргі газ жетіспеуі Атырау мұнай өңдеу зауытының 25-ші қазанға дейін жөндеуге жабылуынан туындағанын айтады. Өңірде бензин де жетіспейді.
Әли Ақмышев, қала тұрғыны:
- Біз әбден келгенде бітіп қалды деді. Одан мында келдік. 2 сағат болып қалды. Енді жақындағанда тағы бітіп жатыр деді. Бензин де талон дейді, талонды қайдан аламыз? Фирмалар бермейді бізге. Сонда машинаны үйге қойып, жаяу жүреміз бе?
Мирас Мүлкәй, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- 25-не дейін бізде осындай жағдай туындауы мүмкін. Қосымша көлем туралы қазіргі таңда шешілетін болады. Осы жұмадан бастап «Конденсат» зауыты бар ғой, содан Батыс Қазақстан облысы нарығына кем дегенде 5 мың тонна жанармай жіберуге келістік.