Көз ауруын емдеу павлодарлықтар үшін оңайлатылды
Ең қиыны, бүгінде көру қабілетінің нашарлауы жасы ұлғайған адамдарда ғана емес, мектеп оқушылары арасында жиі кездеседі екен. Дәрігерлер бұған жастардың гаджет, смартфондарға шектен тыс әуестігі себеп дейді. Әрине, бұл дертпен де күресу керек. Мысалы, Павлодарда офтальмологиялық көмектің сапасын арттыру қолға алынып жатыр.
Көздің ішкі тор қабығының ажырауы, шел басу, су қараңғылық. Бұл – егде жастағы адамдар арасында жиі кездесетін ауру түрлері. Қариялардың көбі жоғары қан қысымынан зардап шегеді. Офтальмологтың қабылдауынан өткен Нэйля Шильдің жанарына тамыз айында ота жасалатын болды. Оған дейін қабылдайтын ем-шаралары тағайындалды.
Нэйля Шиль, науқас:
- Ең бастысы, ешқайда бармайтын болдым. Менің жасымда жол жүру өте қиын. Бір адам ілесіп жүруі керек. Басқа қалаға барғанда пәтер жалдайсың, жол ақысы бар.
Клиниканың операциялық залы соңғы үлгіде жабдықталған. Науқасты диагностикалау кезінде аурудың өткір тұстары анықталады. Ол отадан кейінгі асқынулардың алдын алу үшін маңызды. Ал көзді сканер арқылы көшіру саладағы тың жаңалық болса керек.
Олжас Алпышев, жетекші хирург-офтальмолог:
- Диагностикалау кезінде науқастың көзінің бейнесі сканер арқылы компьютер жадында сақталады. Операцияға келген кезде біздің микроскоп қайталап сканерден өткізеді. Біз ол адамды ешқашан шатастырмаймыз және қандай операция жасау, қандай линза қою керегін нақты білеміз.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Бүгінгі таңда көз аурулары әлемдегі ең көп таралған аурулар қатарына енген. Бұған қолымыздан түспейтін телефон мен күн ұзақ телміріп отыратын компьютердің де кері әсері тиіп жатыр. Цифрлық технологиялар заманында одан бас тарту мүмкін емес. Ал офтальмологтар көз ауруларының жасарып бара жатқанын айтады.
Операцияның ұзақтығы – бар болғаны 10 минут. Науқастар ешкімнің көмегінсіз өздері жүреді.
Валентина Решетняк, науқас:
- Маған ота жуырда ғана жасалды. Көзімді шел басып, ішкі тор көзі қабыршықтанған екен. Бәрі сәтті аяқталды. Әйтпесе жағдайым өте нашар болған.
Бүгінде науқастар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы да көзді емдете алады. Ал болашақта Павлодарда лазерлік коррекция жасау мүмкін болады.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков