Жайық-Каспийді мекен ететін балықтар қырылып жатыр
Төрт күн бойы тоқтаусыз жауған қардың арты сарышұнақ аязға ұласып, өзен-көлдер сіресіп қатып қалған. Осының салдарынан Жайық-Каспийді мекен ететін балық атаулы ауа жетпей қырылып жатыр. Қазір бұл мәселені шешу үшін балық қорғаушылар мұзды ойып, ұңғыма жасап жүр. Аязбен қабаттасып браконьерлер де балық аулауға тыйым салынған аймақтарды торуылдауды үдетіпті.
Балық қорғаушылар үшін аса мазасыз шақ келді. Олар сірескен мұзды ойып, балықтарға ауа жіберумен әлек. Жылда бұл уақытта мұздың көбесі сөгіліп, су маржандары тұщы сулы өзен-көлдерге ұмтылатын. Қазір мұздың қалыңдығынан қозғалыс тоқтап тұр.
Әсел Есжанова, Ихтиологиялық мониторинг және балық аулауды реттеу бөлімінің бас маманы:
- Жайықта су деңгейі өткен жылдармен салыстырғанда төмен болуына байланысты биыл қыстың басында мұздың қалыңдығы 45-50 см дейін жетті. Ақпан айының соңғы он күні қатты аяз болғандықтан, мұз құрсауы қайтадан қалыңдап, бүгінгі күні 25-30 см жетті.
Бүгінде облыстағы өзендер мен су арналарында 2000-нан астам ойық пен үкі дайындалды. Оларды Балық қорғау инспекциясының мамандары табиғат пайдаланушылар мен волонтерлердің көмегімен үнемі бақылауда ұстайды. Өзен үстіндегі әбігерді пайдаланған төңіректегі ауыл тұрғындары да жаппай балық аулауға шыққан. Олар үкі ойып жүрміз деген желеумен жасырын ауларын жағалай құрып тастайды екен.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- Өзен мен су арналарын құрсаған қалың мұз балықтарға қиын болғаны өз алдына, браконьерлер үшін оңай олжаға айналған секілді. Әрбір ойылған үкіден он-жиырмадан балық шығып жатыр. Инспекторлар тәулігіне айдын бетінен 30-40 ау құралдарын алады екен.
Еламан Хабибуллин, Дамбы инспекциялық бөлімінің басшысы:
- Біздің күнделікті айналысатын жұмысымыз осы. Бөлімнің барлық мемлекеттік қызметкері жұмылдырылып, мұз астына заңсыз салынған ау құралдарды шығарамыз. Одан шыққан балықтың тірісін суға жібереміз. Табан, құты, сазан, сыла секілді балықтар шығып жатыр.
Енді аз күнде сең сөгіліп, теңіз балықтарының тұщы сулы өзендерге тұқым шашуға беттейтін кезеңі басталады. Сол кезде осындай браконьерлік ау құралдар олардың еркін өрістеуіне кедергі болары сөзсіз. Сондықтан балық қорғаушылар күні-түні айдын астындағы қауіпті кедергілерді жоюға жұмылдырылды.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов