Хабар телеарнасы

Сарапшылар: Итбалық саны тұрақты

Мамандардың дерегінше 2022 жылы 45 мың су жануары өлген. Одан кейін саны қайта қалпына келіп, өткен жылы 53,5 мыңға дейін өскен. Сонымен, итбалықтың бұған дейінгі жылдары қырылуына не себеп болған еді?

2022 жылы Каспий итбалығы жаппай қырылғаннан кейін «Компас» эко қоры мен Дағыстан мемлекеттік университеті Каспий итбалығы популяциясын зерттеу және сақтау бағдарламасын іске қосты. Осы жоба аясында 2023 жылдың сәуір-желтоқсан айлары аралығында итбалықтың маусымдық шоғырлану аймақтарына алты экспедиция жүргізілді. Бұл зерттеу маусымдық мекендеу орындарында итбалықтың айтарлықтай аз екенін анықтады. Ғылыми топтың пікірінше, 2022 жылы болған Каспий итбалығы өлімінің негізгі себебі - аса патогенді құс тұмауы. Бірақ жарты жылдық тағы бір зерттеу - оқиғаның негізгі себебі, ол табиғи апат екенін анықтады.

Бүкілресейлік балық шаруашылығы институтының ғалымдары итбалықтың жаппай қырылу себебін алты ай бойы зерттеді. Сараптай келе жануарлардың қырылуына Дағыстан мен Әзербайжандағы сейсмикалық дүмпулердің әсер еткені белгілі болды.

Вячеслав Бизиков, Бүкілресейлік балық шаруашылығы институты ғылыми жұмыс бойынша директорының орынбасары:

- Итбалықтың қырылуына сейсмикалық белсенділік нәтижесінде табиғи газдардың шығуы себеп. Патологиялық-анатомиялық сараптама көрсеткендей, бұл итбалықтар аурулары жоқ, сау, мықты жануарлар болған. Сонымен бірге барлық тексерілген өлекселерде агония белгілері байқалды. Жануарлар тыныс ала алмай тұншығып өлген.

Қазақстан мен ресей ғалымдары бірігіп зерттеу жүргізіп жатыр. Бірлескен бағдарлама аясында жыл сайын ақпан айында мұз айдындары әуеден түсіріледі. Мониторинг деректері кейінгі 10 жылда итбалық санының тұрақты болғанын көрсетеді. Соңғы бес жылда  жануарлар саны орта есеппен жылына 60 мыңға өскен.

Василий Соколов, «Росрыболовство» агенттігі басшысының орынбасары:

- Қазіргі есеп бойынша 275 000 итбалық бар. Бұл сан ресейлік ғалымдардың, соның ішінде Ресей ғылым академиясының және қазақстандық әріптестердің келісілген ортақ болжамы. Біз жағдайды аса қауіпті,- деп санамаймыз. Бірақ әрине шешілмеген мәселелер бар. Сондықтан біз осы түрді сақтау стратегиясын әзірлеуді қолдаймыз.

Соңғы авиабарлау деректері бойынша итбалықтың саны 305 мыңға дейін өскенін ғалымдар растады. 12 қарашада Махачкала қаласында Каспий итбалығын сақтау мәселелері бойынша халықаралық ғылыми конференция өтеді. Оған барлық Каспийге қатысы бар елдерден ғалымдар қатысады.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров