Алматы облысындағы Кемертоған ауылында 60 үй жарықсыз отыр
Оған екі мердігер компания арасындағы дау-дамай себеп болып отыр. Соңғы рет Алматы іргесіндегі елді мекенде 50-ден аса түтін тоғыз күн бойы жарықсыз қалған. Шыдамы таусылған жұрт Қарасай аудандық прокуратурасына арыз жазыпты.
Кемертоған ауылындағы 50-ден астам үйге электр сымдары мен суды «Бексу» атты жеке кәсіпкер жүргізген. Тұрғындар осы жұмыс үшін әр отбасынан 420 мың теңгеге дейін жинап беріпті. Желілерді тартып бастаған кездегі адамдардың қуанышы ұзаққа созылмады. Олар ай сайынғы ақыны кешіктірмей төлеп тұрса да, мұндағы электр қуаты жиі өшіп қалады.
Ринат Керімқұлов, Кемертоған ауылының тұрғыны:
- Қыстың көзі қырауда мына үйдің бәрі насоспен жұмыс істейді. Жылу өшті, перзентханадан шығарып алып келген балалар тастай үйде отырды. Дәлелмен айта аламын. Жарық та сөнді. Тоңазытқыш та, теледидар да күйген. Бір трансформатордан 60-70 үйге таратып қойған. Ал тоқ болса 160-170 қана тартады.
Нұржан Қызтаев, Кемертоған ауылының тұрғыны:
- Бұл жерде 2018, 2019 жылдан бері тұрып жатқан адамдар бар. Ол кісілер жылына киловатына 200 мыңдай беріп тастаған. Енді біз «Көкдала» сервисіне кіретін болсақ, ол ақшалар өтпегенін айтты. «Қолданған ақшаны тағы да төлейсің, жаңа есептейтін құрал қоямын», – дейді.
Іргелі ауылдық округі әкімдігінің мәліметінше, Кемертоғандағы 50 үй электр қуатының ақысын сол «Бексу» атты жеке кәсіпкерге төлеп келген. Ал жеке кәсіпкер өзінің пайдасын ұстап қалып, қалған ақшаны тасымалдаушы компанияға аударуы тиіс болатын. Бірақ бұл ақша «Көкдала» сервистің шотына түспеген. Соның кесірінен жұрт жарықсыз қалған. Дегенмен ауыл әкімі электр қуатын беруші мекемемен келісім жасап, мәселе шешілгенше жарықты өшірмеуге уәде берді.
Абылай Ысқақов, Іргелі ауылдық округінің әкімі:
- «Көкдала» сервистің директорымен қазір сөйлесіп жатырмын. Бәрін жалпы өшірмей, жеке-жеке әр үй иесімен сөйлесіп, қандай жағдай, қандай келісімшарт болғанын анықтау керек.
Кемертоған ауылының 50 түтіні жиі өшіп қалатын жарықтың әр киловатына 25 теңгеден төлеп келген. Оған қоса қызмет көрсеткені үшін деп тағы 2800 теңгеден қосып береді екен. Қаражаттарының тиісті жерге жетпегенін, жауапты мердігердің жоғалып кеткенін білген тұрғындар аудандық прокуратураға арыз жазды.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев