ШҚО-да жолаушылар аяз бен ақтүтек боранда сағаттап автобус күтуге мәжбүр
Ал автопарк жетекшілері: «Жолдағы қар дұрыс тазаланбағандықтан, кестеден кешігеміз», – дейді. Осының кесірінен автобустар да жиі сынатын көрінеді. Оның үстіне қазір қаладағы қоғамдық көліктердің 60% ескі. Ал шаһар басшылығы тасымал саласына қатысты мәселе қашан шешілетінін білмейді.
Балшық кешпес үшін қаланың шетіндегі тұрғындардың қолынан күрек түспейді. Соңғы 10 жылда Өскеменнің аумағы 2-3 есе өсті. Ол жердегі халық инфроқұрылымның игілігін әлі көре алмай отыр. Қыста сақылдаған сары аяз бен ақтүтек боранда сағаттап автобус күтуге мәжбүр.
Рая Жұмажанова, қала тұрғыны:
- Кешке жақын автобус мүлде жүрмейді. КШТ-ға дейін жетіп аламыз. Одан бері қарай әрең келеміз.
Болатхан Ойкенов, зейнеткер:
- Қазір эпидемия коронавирус қой. Бастықтар: «Барлығың арақашықтық сақтаңдар», – дейді. Арақашықтық тұрмақ, сығылысып, қалбырдағы балықтай әрең жетеміз. Бұл дұрыс па? Дұрыс емес.
Дұрыс емес екенін қала билігі де біледі. Алайда аялдаманың қарын шығарып, жолға жарық тартуға пәрмен болғанымен, дәрмен жоқ. Сондықтан шыдамы шегіне жеткен тұрғындар коммуналдық салаға жауапты бөлім басшыларына мәселені төтесінен қойды.
Зейнеп Естенова, зейнеткер:
- Автобустан осы жерден түсеміз. Ары қарай жүрейік десек қараңғы. Ал түскен соң таксимен жүрсек, зейнетақымыздың бәрі таксиға кете ме?
Қоғамдық көліктерге қатысты мәселе бір күнде ғана қордаланбаған. Қазір шаһарда тасымал саласымен негізінен ірі үш автопарк шұғылданады. Алайда автобустардың көбі ескі. Автопарк басшылары автобустың қыста дұрыс жүрмеуін ауа райынан көріп отыр.
Евгений Клейн, автопарк директоры:
- Негізгі жолды айтпағанда, автобустар тоқтайтын ең соңғы аялдамалар мүлде тазаланбайды. Осының кесірінен жүру кестесі бұзылады. Ал ең негізгі мәселе – автобус жүргізушілерінің тапшылығы. Қазір бізде автобус тізгіндеп жүргендердің ең жасы 50-ден асып кеткен.
Облыс пен қала басшылығы автопарктерді жаңартуды талай жылдан бері жоспарлап келеді. Бірақ нақты нәтиже болмай тұр. Дегенмен биыл жаңа 80 автобус алынуы мүмкін.
Әлібек Тұрсымбетов, қала әкімінің кеңесшісі:
- Қазіргі кезде инвесторлар бойынша сұрақ бар. Қандай компания автобустарды өз теңгеріміне алады, қалай басқарады? Осы мәселелер қарастырылып жатыр. Басты мақсат – қаладағы автопаркті жаңарту.
Автопарктің жаңаруына ұлық та, халық та мүдделі. Өйткені қазір қаладағы қоғамдық көліктердің 60% ескі. Сондықтан жүруінен, тұруы көп. Бұл әсіресе шеткі шағын аудан тұрғындары үшін қиын болып тұр.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин