ШҚО-дағы көпір құрылысы 6 айдан соң аяқталуы мүмкін
Шығыс Қазақстанда Бұқтырманың үстімен салынып жатқан көпір құрылысы 6 айдан соң аяқталуы мүмкін. Осылайша шалғайдағы Күршім, Зайсан, Тарбағатай, Марқакөл ауданындағы қарайған халықтың көптен күткен арманы орындалады. Барыс-келіс жеңілдейді. Ескі паромдарды сағаттап күтіп, жол азабын тартқан тұрғындар үшін бұл аса маңызды. Ең ұзын гидроқұрылғының қанша проценті дайын? Ол қолданысқа берілген соң паромдар тоқтай ма?
Бұқтырманың арғы бетіне өту – жолаушылар үшін нағыз жанталас. Сағат сайын жүретін паромға үлгеру керек. Кейде үлгерсең де, жолдан қалуың мүмкін. Өйткені су көлігіне барлық транспорт сыймайды. Мәселен, асқа бара жатқан мына бір топ адамның көлігі кемеге тиелмей қалды. Енді келесісі келгенше күтуге тура келеді.
Мәдина Мұқанова, жолаушы:
- Қанша рет осындай жағдай болды. Үлгердім бе? Жоқ па?, - деп келген кезде жағада қалып қоясың. Кезек үшін талай рет ұрыс-жанжал да болды. Асығамыз деп көлік апатына түскен кезіміз де болды. Енді көпір құрылысы сәтті аяқталса, осы келеңсіздіктерден құтыламыз деп ойлаймын.
Осылайша Бұқтырманың үстінде салынып жатқан гидроқұрылғы құрылысын қарайған халық бақылап отыр. Мұнда нағыз қарбалас. 380 маман екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр. Қатты жел кезінде ғана шаруа біраз баяулап қалады.
Нығматулла Абдулхақов, мердігер компания директорының орынбасары:
- Жұмыстың шамамен 80-85%-і аяқталды. Дегенмен біз алдымен зертханалық сараптама нәтижелерін күтеміз. Ол мәліметтер қолымызға тиген соң ғана жұмыстың нақты қанша пайызы аяқталғанын сенімді түрде айта аламыз.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Бұқтырманың екі жағасынан басталған Күршім көпірінің ұштасуына 300 метр қалды. Бұл да аз шаруа емес. Көпір салынып, қолданысқа берілген соң да мұндағы құрылысшыларды ауыр да, ұзақ жұмыс күтіп тұр. Мен тұрған мына уақытша көпірді қайта бұзып, жинап әкету керек. Бұл үшін тағы бір жылдай уақыт кетеді.
Ал кетеуі кеткен көне паромдар көпір қолданысқа берілген соң да қатынайды. Қатонқарағай ауданында туристік мақсатта қолданылады.
Болатбек Жалдыбаев, матрос:
- Үлкен грузовойлар болады, соларды өткіземіз. Біреуі Большенарым жаққа барады. Онда жұмыс істейді. Ол жақта машиналар бар. Катонға демаламыз деп келеді туристер. Оларды өткіземіз.
Сондықтан екі паромға қызмет көрсететін 40 маман жұмыссыз қалмаймыз деген сенімде.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабақанов