Хабар телеарнасы

ШҚО-да су электр станциясы істен шықты

Риддер қаласындағы жекеменшік тұрғын үй секторы үш күн бойы сусыз отыр. Күннің күрт суытуынан Хариузов гидроэлектр станциясында мұз кептеліп қалған. Қазір оны еріту жұмыстары жүріп жатыр. Ал қаланы жерасты су жүйесіне қосуға тура келді. Бірақ бұл мәселені қаншалықты шешеді?   

Риддер қаласының коммуналдық жүйесі алғашқы аязға төтеп бере алмады. Өңірде әуелі қар жауып, кейін ауа температурасы 7 градусқа төмендеген. Салдарынан Хариузов гидроэлектр станциясының бассейніндегі су қатып қалған. Қаланың бір бөлігі нәрінен қағылды. Екі мыңдай үйде су жоқ.

Қыс мезгілінде ара-тұра болып тұратын оқыс жағдайларға Риддер тұрғындарының еті үйренген. Олар ауызсуды көшедегі құдықтардан тасиды.

Сергей Ковалев, Риддер қаласының тұрғыны:            

- Суға кезек Киров көшесіне дейін болды. Кеше қаладан келе жатқанда кезекте тұрғандарды көрдім. Әдетте мұндай жағдай жиі қайталанады.

Коммуналдық апат бұл өңірде жыл сайын қайталанады. 2023 жылы Громотуха шатқалында қар көшкіні болған еді. Енді міне, аязға байланысты мұз кептеліп қалған. Су тарату жүйесін қалпына келтіру үшін көп жұмысты қолмен атқаруға тура келеді.

Рауан Құрметұлы,  Риддер қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  бөлімінің басшысы:

- Бұл ауа райының әсерінен туындаған табиғи құбылыс. Қардың көп түсуі мен температураның күрт төмендеуінен кейін қою масса пайда болып,  кептеліс тудырды.

Қаланы сумен қамтуда жер асты тоғанының көмегі мол. Бірақ оның қуаттылығы бәріне бірдей жетпейді. Қысымның төмендігінен шағынаудандар мен жекеменшік сектор сусыз отыр. Жергілікті тұрғындар апаттың алдын алу үшін су құбырларын жаңғырту қажет, - дейді.  

Елена Агешкина, Риддер қаласының тұрғыны:                   

- Мен тозығы жеткен желілерді ауыстыру керек деп айтамын. Бұған ешкімді кінәлауға болмайды. Өйткені құбырлар кез келген уақытта  жарылуы  мүмкін.

Риддер қаласындағы су құбырларының жалпы ұзындығы 200 шақырымнан асады. Төрт жыл бұрын тек 40-50% -і ауыстырылған. Бүгінгі таңда қаланың инфрақұрылымы күрделі жаңғыртуды қажет етеді.

Қарлығаш Қасиетова, Вячеслав Ветлугин және Дмитрий Пыхтин