«Қазақтелеком» қызметкері қомақты қаржы қымқырған
Ол: «Қомақты қаржыға бірлесіп бизнес бастаймыз», – деп келістірген екен. Осылайша, иланған әріптестері миллион теңгеге дейін несие алып, қарызға батқан.
Пандемия тарағалы интернет тарататын құрылғының түр-түріне сұраныс та күрт артты. Сондықтан осы ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланатындар да көбейді. Еліміздегі телекоммуникация компаниясының өңірлердің біріндегі дирекциясының бөлім басшысы да табыс табудың жолын ойлап, әріптестеріне «бизнес жоба» ұсынады. Оған сенген кейбір әріптестері қомақты сомада несие алып ұстатқан.
Нұрлан Қалымов, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Мен өзім 1 миллион теңге ақша бердім. «Үстінен 350 мың теңге қосып қайтарып беремін», – деді. 4-5 миллион теңге берген кісілер де бар. Солардың ақшаларын да қайтара алмай жатыр. Көбі ақшаны несие алып берді.
Дидар Әшімханов, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Қытайдан 14 мың теңгеге арзанырақ модемдерді сатып алатынын айтқан еді. Содан соң оны: «Қазақстанда, Өскеменде оны 25 мың теңгеге сатамын», – деп жүрген.
Сатқан-сатпағанын және интернет тарататын құрылғыны алған-алмағанын да ешкім дөп басып айта алмай отыр. Әріптестері күдіктінің жалпы сомасы 50-60 миллион теңге жинап алғанын айтады. Қазір олар «алдандық» деп сан соғып отыр. Ал ол жұмыс істейтін компанияның өңірлік өкілдігіндегі қызметкерлері бұл мәселеге өздері де аң-таң.
Луиза Уалханова, Өңірлік телекоммуникация дирекциясы корпоративтік коммуникация жөніндегі маманы:
- Компания бұл қызметкердің жұмыстан тыс уақытындағы ісіне немесе өзінің бөлек бір кәсібіне қатысты жауап беруге міндетті емес. Өйткені ол – оның жеке басының ісі.
Әріптесіне алданған қызметкерлер полицияға арыз жазды. Оның негізінде қылмыстық іс қозғалды.
Әли Айбеков, Өскемен қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы:
- Бұл қылмыстық іс бойынша 32 жасар Өскемен қаласының тұрғынына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда заңды мерзім аралығында процессуалдық шешім қабылданады.
Әзірге оңай жолмен олжалы болғысы келген 50-ге жуық адам анықталды. Ал жалпы саны қанша адам екені әзірге белгісіз. Әріптестерінен ақша алған азамат телекоммуникация саласы бойынша көрші облыста да жауапты болған.
Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин