Алматылықтар тауға қарай бой көтеретін нысандардың құрылысына қарсы
Құрылыс жұмыстарына қатысты дауға Алматы әкімдігі осылай деп жауап берді. Даңғылды Әл-Фарабиден жоғары, тауға қарай созуға қоғам белсенділері қарсы шыққан еді. Олар бұл жоба қала экологиясына зиян келтіреді деп отыр.
Алты шақырым болатын Назарбаев даңғылы әзірге ұзартылмайтын болды. Бұл туралы бүгін қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы айтты. Бас сәулетшінің мәліметінше, Назарбаев даңғылын тауға қарай созу қаланың бас жоспарында қарастырылған. Алайда жоба алдағы 10 жылда жүзеге асырылмайды.
Алмасхан Ахмеджанов, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы:
- Басты жоспар бойынша ол көрсетілген жол болуы тиіс еді. Бірақ ол болашаққа 10 жыл бола ма, 15 жыл бола ма әлі белгісіз. Енді бәрі жобаға байланысты болады. Мысалы, жоба қымбаттау келсе, ең бірінші арзандау жерлері соғылады. Ол болашақтың еншісінде. Бірақ 10 жыл ішінде жол соғылады деп айта алмаймыз.
Аталған мәселені көтеріп, құрылысқа қарсы шыққан қоғам белсенділері бұл жобаның мүлдем тиімсіз екенін айтып отыр. Себебі тау бөктерінде көлік нөпірі көбейіп, кептелістер күшейеді. «Ал ол онсыз да мәз емес қала экологиясына кері әсер етеді», – дейді.
Әсет Наурызбаев, қоғам белсендісі:
- Тауылы аймақтардағы жолдарды кеңейту үшін үлкен құрылыс жұмыстарын жүргізудің қажеті жоқ. Онсыз да таулы аймақтар жеке үйлер мен басқа да нысандарға толып тұр. Осының кесірінен ауа күннен-күнге ластанып барады. Оның орнына жасыл желектерді көбейту керек. Таулы аймақтардағы құрылысқа тыйым салу қажет.
Белсенділердің айтуынша, жоба қолға алынса, 586 ағаш кесіледі екен. Бұл қала экологиясы үшін үлкен шығын. Бас жоспар бойынша Назарбаев даңғылы 2,5 шақырымға созылып, Достық даңғылына қосылмақ.
Басқарма басшысының айтуынша, бұл жоба қомақты қаражатты талап етеді. Ол әлі бюджетте қарастырылмаған. Сондықтан мәселенің нүктесі қойылды деу әлі ерте.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Нұрдәулет Жақсыбаев