Қызылордада бес ай бұрын салынған асфальттың тас-талқаны шыққан
Осылайша қараша халық: «Қара жолдың азабынан азатпыз», - деп бөріктерін аспанға ата қуанады. Алайда әдеттегідей көпшіліктің қуанышы ұзаққа созылмай, әлгі асфальт жол жырым-жырым болған. Ұзындығы 2.5 шақырымнан астатын бұл көшенің жөнделгеніне небәрі 5 айдан асқан.
10 жылдан астам уақыт шаң жұтып, батпақ кешкен Талаптан көшесінің тұрғындары асфальт төселіп, қарық болдық деп қуанған. Былтыр тамызда басталып, қазанда аяқталған құрылыс бір қысқа да шыдамапты. Арада 5 ай өтпей, асфальттың кейбір тұстары жарылып, үгітіле бастаған.
Райбек Әбдіуахитов, қала тұрғыны:
- Көшемізге асфальт салды деп мақтанған түріміз ғой. Мынау көшенің асфальтының пошымын көріп тұрсыздар ғой. Шұқысаңыз, үгітіліп түсіп жатыр. Қалыңдығы 5 сантиметрге жете ме, жетпей ме?
Гүлхан Қайыпбаева, қала тұрғыны:
- Асфалттың астында дымы жоқ. Бұл – бұрын егістіктің орны болған сор жер, ел тұрмаған, қаланың шеті. Мұны қалыңдау етіп істеуге болады ғой.
Бюджеттің қомақты қаржысына жөнделген жолдардың жылға жетпей сыр беру дерегі бұл ғана емес. Тек биылдың өзінде облыс бойынша жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарына арнайы зертхана арқылы құзырлы органдар 4 рет мониторинг жүргізіп, 11 ақау анықталған. Өткен жылы ғана асфальт төселген көшелердің де сапасы сын көтермей тұр.
Біржан Далабаев, ТКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Қазіргі таңда зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында екі көше анықталып отыр. Ол екі көшенің де мердігер мекемесіне ескертпе хат берілді. Егер кепілдеме мерзімі ішінде мердігер мекеме тарапынан қайта қалыпқа келтірмесе, сот органдары арқылы міндеттеп орындату қолға алынады.
Ал Талаптан көшесі қашан жөнделеді? Бұл сұраққа мердігердің өзі жауап берді.
Жанперзент Маханбетов, мердігер мекеменің өкілі:
- Біздің мекеме тарапынан 2 жылдық кепіл уақыты бар. Біз көшенің басына дейінгі бүкіл жерді қарап шықтық. Кеткен қателіктерді анықтадық. Енді сәуір айында бәрін қалпына келтіруге уәде береміз.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Өткен жылы облыс орталығында 100-ден астам көше жөнделген. Оған бюджеттен қомақты қаржы жұмсалған. Алайда көктем шыға қар астында жасырылған кем-кетігі көріне бастағандай. Дегенмен мамандар: «Мұндай олқылықтар кепілдік мерзімі аясында қайта қалпына келтіріледі», - дейді. Бірақ тұрғындар жаңа төселген жолдардың жыл өтпей қырық құрақ, жамау-жасқау болмасы үшін сапасына мән беру қажеттігін алға тартып отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов