Қызылорда облысында автомобиль көпірінің сапасы сын көтермей отыр
Онымен күн сайын бірнеше мың автокөлік ары-бері өтеді.
Бетон тіреулері арасынан су сорғалап жатқанын тұрғындар әлеуметтік желілер арқылы да жариялап жүр.
Шойын жолдың үстінен өтетін көпірден қауіптенетін тұрғындар аз емес. Айтулы көпір 2011 жылы пайдалануға берілген. Екі жолақты, ұзындығы – 900 метр. Жобаға 1,5 млрд теңге қаржы жұмсалған.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Бұл жерде бұрын темір жол өткелі болды. Пойыз өткен кезде көлік жолы жабылып, ұзын-сонар кептеліс жүргізушілерді әбден титықтататын. Көпір салынғаннан кейін бұл мәселе шешімін тапты. Міне, тәулігіне 12.5 мыңдай көлік арлы-берлі өтіп жатыр. Дегенмен жүргізушілердің барлығы бірдей риза емес сияқты.
Бірақ бұл жағдайға байланысты жергілікті биліктің пікірі өзге. Олар көпірдің техникалық жағдайында мін жоқ деп отыр.
Біржан Далабаев, ТКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Бетондар арасындағы саңылаулар әлеуметтік желілер арқылы көрсетілген. Құрылыс талаптарына сәйкес мұндай саңылаулар болуы керек. Өйткені қысқы уақытта ұзарады, ал жазда қысқарады. Ал көпірді күтіп ұстауға қатысты айтсақ, бұл жұмыстарды тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімі жүргізеді.
Қыруар қаржыға салынған көпір көлік жүргізішілерімен қатар жаяу жүргіншілердің де көңілінен шықпай тұр.
Көпірді пайдалану мерзімі – 50 жыл. «Оның негізгі құрылымында ақаулар анықталмаған, демек қауіптенуге негіз жоқ», – дейді мамандар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхаммед Байділдаев