Еліміз бойынша вакциналау көрсеткіші қолға алынбақ
Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу үшін Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Қуатбаеваны сұхбатқа тарттық.
Жүргізуші: Еліміз бойынша вакциналау көрсеткішін енгізу не үшін қолға алынып отыр?
Айнагүл Қуатбаева, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары:
- Қандай да болмасын көрсеткішті енгізу – бұл көпшіліктің назарында болатыны сөзсіз. Бір жағынан, ынталандыру ретінде көрсетілсе, екіншіден, бақылаушы органдардың тарапынан қай жерге, қай өңірге қанша вакцина келгендігін, оның қандай үрдіспен жүріп жатқанын білуге пайдасы зор.
Жүргізуші: Бұл вакцина алушылар санының көбеюіне әсер ете алады ма?
Айнагүл Қуатбаева, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары:
- Басты назарда болғасын, әрине, сұраныста болады. БАҚ тарапынан беріліп жатқан мәліметтерге қарап, елдің қауіпсіздігіне қандай үлес қосып жатырмын деген сұрақ туындауына ықпал етеді.
Жүргізуші: Осындай шаралар шет елдердің тәжірибесінде қолданылып па еді? Мысал келтіре кетсеңіз.
Айнагүл Қуатбаева, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары:
- Бүгінгі таңда әр түрлі мемлекеттің министрліктер тарапынан жасалынып жатқан іс-шараларын қарап өтсек, нақты белгілі талап пен жүйе жоқ. Дегенмен де әрбір мемлекет өз мүмкіндігіне сай жүргізіп келеді. Әрбір азамат салдырған вакцинасы туралы мәліметті Mobile қосымшасы арқылы біле алады.
Жүргізуші: Жалпы вакцина салдырудың маңыздылығы туралы айтып берсеңіз. Біздің ағзамыз вакцинаны қалай қабылдайды, ол қалай жұмыс істейді?
Айнагүл Қуатбаева, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары:
- Вакцина адам ағзасына түскеннен бастап жұмыс істей бастайды. Вакцина салдырғаннан кейін организмде өзгерістер болады. Кері әсер берген жағдайлар жоқ. Әр адамның ағзасы әр түрлі болғандықтан тиісінше қабылдау реакциясы да әр түрлі болады. Қорықпауға шақырамын. Арнайы емді қажет етпейді, адам ағзасы қайтадан өз қалпына келеді. Қатты қызу көтерілген жағдайда тұрғылықты мекен-жайыңыздағы дәрігерлердің көмегіне жүгінуге болады. Негізі вакциналаудан кейін ем алушы 3 күн бойы жіті бақылауда болады.
Жүргізуші: Осы орайда «Спутник V» вакцинасының құрамы қандай? Ол COVID-тің мутацияланған түріне қарсы да тиімді деген ақпарат рас па?
Айнагүл Қуатбаева, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары:
- Басында вирустың құрамын анықтаған кезде осы вирусқа қарсы вакцина ойлап табу мәселесі қатар қарастырылған болатын. Бұл жағдайда вакцина құрамы да зерттеуден тыс қалған жоқ. Негізгі вирустың сипатына келер болсақ, тұрақты және тұрақсыз белоктар болады. Қолданысқа беріліп жатқан вакциналардың көбісі дерлігі тұрақты белогына қарсы иммунитет пайда болатындай жағдай жасайтын вакцинаға негізделген. Ал бұл организмге түскеннен кейін оны есінде сақтап қалады, жабайы түрде вирус организмге түскен кезде бізге қорғаныс антиденелерін өте көп мөлшерде бөліп шығарады. Яғни вирусқа төтеп беру қабілетіміз күшейеді. Екі белок бір-бірімен байланысып, басқаша белок түрін құруы мүмкін. Бұл тұста мутациялық түрге енуі де ықтимал. Вакцина алған адам ауру жұқтырған күннің өзінде де белгісіз, жеңіл түрде өтіп кетуге мүмкіндігі бар. Өлім-жітім, ауыр асқынулар болмайды.