Хабар телеарнасы

Астанадағы медицина мекемелері қарызға белшесінен батқан

Дәрі-дәрмек пен керек-жарақты жеткізетін компаниялардың алдындағы берешегі 14 млрд теңгеден асып кеткен. Бұл туралы елордада өткен ашық тыңдауда белгілі болды.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы дәрі бағасының өсуі, жалақының көтерілуі, көрсетілетін қызмет тарифінің төмендігі осындай жағдайға алып келді деп мәлімдеді. Бұдан бөлек, сақтандыру қорынан уақытылы қаражат түспейтін көрінеді.

Әлия Рүстемова, Астана қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы:

- Жеткілікті деңгейде қаржы бөлінбеген соң, медициналық мекемелер қарызға батты. Жалпы сома – 14,7 млрд теңге. Оның ішінде 2022-2023 жылғы өтелмеген берешек те бар. Ол 3,3 млрд теңгені құрайды. Қарыздың көбеюіне медициналық сақтандыру қорының уақытылы ақша аудармауы да кері әсерін тигізді. Мекемелерге көрсетілген қызмет үшін жыл басынан тек 4 айға ғана ақы төленді.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері ат тонын ала қашып отыр. «Олар қарыздың көбею себебін біледі. Бірақ қордағы қаржыны жұмсаудың жоспары жасалып қойған»,- дейді.

Гүлжан Шайхыбекова, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының астана қаласы бойынша филиалының директоры:

- Дәрі-дәрмекке қарыздар, салыққа қарыздар одан басқа да шығындар. Яғни қорда қаражат жоқ қой жабуға? Қордағы қаражат именно сол қарыздарды жабуға қарастырылмаған. Қордағы қаржы бүгінгі көрсетіліп жатқан қызметкер қарастырылған.

Шақшадай басы шарадай болған әкімдіктегілер енді мекемелердің қарызын жергілікті бюджет есебінен жабудан басқа амалы жоқ сияқты. Ол үшін қыркүйекте мәслихат алдына барып, 1 млрд теңгедей қаражат сұрауды жоспарлап отыр.