Вакцина ектіргендердің электрондық төлқұжаты eGov mobile қосымшасында қолжетімді
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі мәлімдеді. Бағдат Мусиннің айтуынша, қосымшаның «цифрлық құжаттар» бөлімінде вакцина қабылдаған азамат жайлы ақпарат үш тілде жазылып тұрады. Яғни қай күні қандай препарат ектіргені туралы егжей-тегжейлі баяндалады. Оны QR-код арқылы да көрсетуге болады.
Айта кетерлігі, мұндағы мәліметтер препараттың екінші дозасын қабылдаған азаматтарға ғана қолжетімді. Сондай-ақ осы қосымша арқылы вакцина ектіруге алдын ала кезекке жазылуға болады. Әзірше бұл жүйе пилоттық жоба ретінде іске қосылмақ. Осылайша қос-қостан қосымша әзірлеп жатқан министр «Saqbol» туралы да тілге тиек етті. Айтуынша, бұл бағдарлама коронвирустың жұқтыру дерегін азайтуға септігін тигізбек.
Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Мобильді қосымша коронавирус инфекциясын бақылау және инфекция ошағын уақытылы анықтау мақсатында жасалған. Осы «Saqbol» мобильді қосымшасын жүктеп алған адам қосымшаны жүктеп алған басқа адамдармен байланыста болса, бір-бірімен код алмасу арқылы сигнал береді.