Алматыда екпе егу кабинеттері 20 ойын-сауық орталығында ашылды
Әзірге егу кабинеттері 20 ойын-сауық орталығында ашылған. Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, халыққа жаппай екпе салу шарасы 13 сәуірден басталады.
Дегенмен өткен тәулікте 1 мың 200-ге тарта адам екпе алған. Жалпы бүгінгі күнге дейін мегополисте 49 мыңнан аса тұрғынға вакцина салыныпты. Оның 12 мың 300-ге жуығы екпенің екі компонентін де алған.
Вакцина салдыруға келген адам алдымен тіркеуден өтеді. Онда сатурациясы, қан қысымы, дене қызуы өлшеніп, дәрігердің қабылдауына жіберіледі. Ал дәрігер адамдардың денесінің саулығын тексереді. Егерде суық тиіп, ауырып тұрса, вакцина салдыруға рұқсат етілмейді.
Гүлсара Сүлейменова, №17 емхана қызметтері интеграциясының басшысы:
- Дәрігер емделуші туралы мәліметті электронды құжатқа толығымен жазып шығады. Бұрын ауырған ба? Ауру жұқтырған адамдармен байланысы болған ба? Осының бәрін сұрап біледі. Егер коронавируспен ауырғанына жарты жылдан асып кетсе, онда вакцина міндетті түрде салынады. Екпе алғаннан кейін жарты сағат медицина қызметкерлерінің бақылауында болады. Вакцина салдырдым, енді ауырмаймын деуге болмайды. Адамның иммунитеті 42 күнде қалыптасады. Сондықтан күтінген жөн.
Осы сауда орталығының өзінде түске дейін 200 адам алды. Көпшілік: «Жаппай вакциналау – індетті жеңудің тиімді тәсілі болмақ» деген пікірде.
Әсем Есмұқанова, қала тұрғыны:
- Вакцина алу себебім, өзімнің денімнің сау болғанын қалаймын. Басқалардың да қауіпсіздігі туралы ойлаймын. Сол үшін келдім.
Андрей Богданов, қала тұрғыны:
- Жағдайым өте жақсы. Ешқандай қарсы көрсетілімді байқаған жоқпын. Жұрт вакцина туралы неше түрлі қауесет әңгімелер айтып жүр. Ол әрине дұрыс емес. Оған сенбей, әркім өзінің, оған қоса жақындарының өмірін ойласа, екпе алулары керек.
Вакцина алу үшін кезекте тұру міндетті емес. Электрондық үкімет порталы арқылы eGov.kz мобильдік қосымшасы және телефон арқылы алдын ала жазылып қоюға болады. Cодан соң тұрғындарға вакцинаны қай кезде, қай жерде алатындығы көрсетілген смс хабарлама келеді. Вакцинаның бірінші компонентін салдырған соң қайта тіркелудің қажеті жоқ. 21 күннен кейін екінші рет алу туралы хабарлама келеді.
Гүлнара Ысқақова, «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ қалалық филиалының директоры:
- Өздері келе алмайтын қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға емхананың арнайы көлігі жіберіледі. Емделушінің жағдайына қарай жеңіл немесе арнайы көлік болуы мүмкін. Жаппай вакциналау болған соң еңбек миграциясымен келген шетелдіктер де бұл науқаннан тыс қалмайды. Оларға да екпе салынады.
Қалаға кезекті транш бойынша 47 мың доза жеткізілді. Жақын күндері тағы 424 мыңы әкелінеді. Қазір шаһарда 200-ге тарта вакциналау пункті ашылды. Оның 20-сы сауда ойын-сауық орталықтарында орналасқан. Егу шаралары Республика сарайында да жүргізіледі. Мегополисте 2 миллионнан аса тұрғын бар. Соның кем дегенде 1 млн-на вакцина салу жоспарланып отыр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон