Балалар арасындағы әлімжеттік ырық бермей отыр
Бұл Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметі.
Осы орайда Мәжіліс депутаттары буллингпен күреспек. Бірақ алдымен «жәбірлеу, яғни буллинг» ұғымын заңнамалық түрде енгізу керек.
Буллинг – жәбірлеу, кемсіту, мұқату дегенді білдіреді. Бұл – кез келген баланың басынан өтуі мүмкін құбылыс. Әсіресе мектеп қабырғасында жиі кездеседі. Ұлттық денсаулық сақтау орталығының мәліметтеріне сүйенсек, әрбір бесінші қазақстандық жасөспірім ай сайын буллингтің құрбаны не қатысушысы болады.
Марат Қожаев, ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:
- Мәселен, еліміздегі мектептердің бірінде 12 жастағы оқушылар сыныптасын футбол ойнай алмағаны үшін кемсіткен. Бірнеше ойын жеңілісіне оны кінәлаған. Сыныптастарының мазағына шыдамай, түбінде бала өз-өзіне қол жұмсады.
Мамандардың айтуынша, мектеп қабырғасында кемсітуге душар болған оқушылар көбіне суицидке бейім келеді.
Тек өткен жылы 143 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаған болса, 306-ы бұған әрекеттенген. Ал келесі кейіпкеріміз жаңа сыныпқа көшкеннен кейін ол сыныптастарының тарапынан жәбір көрген. Десек те оқытушы жағдайға дер кезінде араласып үлгергендіктен мәселе оңды шешілді.
Анастасия, жәбір көрген баланың анасы:
- Менің балам алтыншы сыныпта жаңа мектепке ауысқанда балалар оған жәбір көрсете бастады. Әр сыныпта мұндай тәжірибе бар ғой. Менің баламды да шеттетуге тырысты. Осы кезде сынып жетекшісі жауапты адам ретінде жағдайды дер кезінде байқап, жәбірлеуді жою үшін барлық шараларды қабылдады. Ол балаларды жинап, әрекеттерінің дұрыс емес екендігін түсіндірді.
Иә, жағдайдың салдарын түзегеннен гөрі алдын алған әлдеқайда тиімді. Сол себепті қазақстандық мәжілісмендер буллингпен күресті заңнамалық деңгейде реттеуді қолға алды. Ең алдымен заңға жәбірлеу түсінігі енгізіледі. Көптеген дамыған елдерде бұл ұғым бұрыннан заңмен бекітілген. Олардың бағдарламаларына сәйкес жауапкершіліктің басым бөлігі мұғалімдерге жүктеледі.
Қазақстанда да аталған өзгерістер іске аспақ. Қазір 35-тен астам түзету Үкіметтің қарауында тұр.
Динара Закиева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Барлық мектепте балаларды дұрыс қолдау үшін міндетті түрде бірыңғай бағдарламалар мен әдістемелік құралдар болады. Бұл балаларға барлығын дұрыс түсіндіру үшін қажет. Бір балаға көмектесу арқылы екіншісінің мүддесіне нұқсан келтірмей, оның сезімдерін ескеру маңызды. Мұндағы басты мақсат – зиян келтіру емес, балаға көмектесу.
Бүгінгі мектеп – ертеңгі ел екенін ескерсек, буллингтің тамырына бүгін балта шабу маңызды. Қоғам белсенділері мектептегі зорлық-зомбылық туралы ашық айтуға шақырады.
«Мәселені мойындағанда ғана шешуге болады», – дейді олар. Сондықтан буллингті жеңу үшін оған мән бере бастауымыз керек.
Авторлары: Дана Алиева, Айбын Құсанбеков, Серік Қоңырбаев