Енді әскерге шақырылатын азамат бір айлық курстан өтуі мүмкін
Енді бұдан былай әскерге шақырылатын азамат бір айлық курстан өтуі мүмкін. Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия өкілдерінің айтуынша бұл сарбаздар арасындағы келіспеушілікті болдырмауға, олардың дайындығын шыңдауға сеп болады және мұндай курстарды оқу орындарында да ұйымдастыруға болады. Ал құзырлы сала мамандары мектептерде алғашқы әскери дайындық пәнінің сапасын арттыруға қолдау көрсетпек. Сондай-ақ армиядағы әлімжеттікті болдырмауға мейлінше мән беретіндерін айтты. Соңғы уақытта жиілеп кеткен келеңсіз жайттарға қатысты жіті тексерулер жүріп жатқанын мәлімдеді. Келер жылдан бастап офицерлер жалақысы 20, ал әскери қызметшілер еңбекақысы 33% өседі. Биыл қарулы күштер қатарына 40 мың азамат шақырылған.
Руслан Жангулин, ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі:
-Әскери қызметтен кейін жоғары оқу орнына тегін оқуға түсуді айтқан болатынбыз. Биыл Мемлекет басшысының жарлығымен заңдастырдық. Яғни келесі жылдан бастап бізде грант алып, стипендия алатын болады олар. Екінші кезеңде кредиттік демалыс мәселесі. Әскердің міндеті - бір жылдың ішінде жауынгерлік дайындау. Оның тәрбиесі бірінші кезекте мектепте, ортада, отбасында қалыптасуы керек. Осыны біз жалпы тек Қорғаныс министрлігінің мойнына емес, қоғам болып бұл мәселені қолға алу керекпіз.