Ауыл әкімдерін сайлау биыл екінші жартыжылдықта басталады
Сондықтан арнайы заң жобасы жасалып, ол жан-жақты талқылаудан өтуде. Бұл реформа – басқаруға қатысты дүние. Ал ол басқару әр ауылдың келбетін ажарландырып, халықтың тұрмысын түзетуге арналуы тиіс. Осының бәрі жаңа заң жобасында бүге-шүгесіне дейін жазылған. Әр топ қазір оған өз бағыты бойынша талдау жасауда. Енді ауыл әкімдері жоғарыдағы басшыларға жалтақтамай жергілікті тұрғындардан құрылған кеңеспен кеңесе отырып әрекет етеді.
Жыл сайын белгілі мөлшерде қаржы беріледі делік. Оны жаратуға келгенде жол салу, су немесе газ жүргізу, жаңа цех тұрғызу сынды таңдау туындайды. Кеңес осы жерде бір шешім қабылдайды, ал әкім – соны ревизиялық комиссия қарауынан өткізіп, ұйымдастыруға жауапты адам.
Бауыржан Мұқан, Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары:
- Трансфертпен келсе де, өздігімен жиналған ақша болса да, соның дұрыстығын заң жүзінде ревизиялық комиссия тәртіпке келтіреді. Заңбұзушылық немесе біреудің мүдесін жоғары қоюдың ықтималдылығы төмен.
Мұндағы ой – ауылдағы белді кәсіпкер немесе қандай да бір әулеттің ғана шешімінің орындалуының алдын алу. Игілік тұрғынның бәріне ортақ болуы тиіс.
Жалпы елімізде 6 мыңнан астам елді мекен бар. Ауылдық округ саны – 2300. Оларда шамамен 7 млн адам тұрады. Демек, сөз етіп отырған реформа осы тұрғындардың өміріне белгілі деңгейде әсерін тигізеді.
Енді болашақ ауыл әкімі қандай болуы керек дегенге тоқталайық. Біріншіден, Қазақстан азаматы және жергілікті тұрғын болуы тиіс. Сосын жоғары білімді және мемлекеттік қызметте кемінде бір жыл еңбек өтілі болуы шарт. Жасы 21 жастан асуы керек.
Бауыржан Мұқан, Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары:
- 21 жас таңсық жағдай емес. Мысалы Канада, Австралияда 18 жаста да мемлекеттік қызметке сайлана береді. Үміткер ауылдағы тұрғындардың 1% дауысын жинап қана өзін кандидат ретінде ұсынады. Яғни кез келген адам мен кандидатурамды ұсынамын деп шықпайды.
Өзін-өзі ұсыну – үміткердің бір түрі ғана. Одан бөлек партиялар атынан да кандидат шыға алады. Сондай-ақ егер үміткер саны бір адамнан аспаса, бұрынғы әкімнің де додаға түсіп бағын сынауына рұқсат. 2021 жылдың екінші жартыжылдығында 800-ге жуық ауыл әкімінің сайлауы осы тәртіппен өтеді деп жоспарлануда. Осы және алдағы 5 жылдықта болатын сайлауды ұйымдастыруға 17.5 млрд теңге қарастырылған.
Анар Байтукенова, ҚР ҰЭМ департаменті директоры:
- Сайлау қазіргі әкімдердің қызмет мерзімі аяқталуына қарай жыл сайын ұйымдастырылып отырады. Мәселен, биыл 800 орын босайды. Сол сайлауды өткізуге 17.5 млрд теңгенің 4.8 млрды жұмсалады. «Қаражат неге керек?», - дегенге келсек, ол – нотариалдық қызметтер, көлік шығыны, бюллетень әзірлеу, сайлау комиссиясы қызметкерлері мен басқа да қатысушылардың жалақысы.
Айта кетейік, бұл реформаны іске асыру үшін Германия, Канада, Австрия, Полша елдерінің тәжірибесі негізге алыныпты.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин