Қызылорда облысында әкімдер сайлауы өтіп жатыр
Қызылорда облысында кент және ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өтіп жатыр. Бұл саяси науқан ақпан және наурыз, сәуір айларында өтті және алдағы маусым айында жалғасады. Былтыр Сыр өңірінде 38 ауыл әкімі сайланған еді. Басым бөлігі өзін-өзі ұсынған. Ауыл, аудан әкімдерінің сайлауы – Президент реформаларының бірі. Мемлекет басшысының пәрменімен іске асып жатқан тағы бір айтулы бастама - ауыл әкімдерінің дербес бюджеті. Әкімді демократиялық жолмен сайладық. «Халықтың сенімін алған басшы енді ауыл бюджетін қалай қалыптастырып басқара алады?» деген сұрақ туындайды.
Ауыл әкімінің бюджетін айтардың алдында, әуелі әкімдердің сайлауына қысқаша тоқтала кетейік. Сыр өңірінен бастайық. Қызылорда облысында 146 кент және ауылдық округ әкімі бар. Биыл 25-нің өкілеттілік мерзімі аяқталады. Бүгінде Қармақшы ауданында 5, Шиелі ауданында 3 әкім сайланды.
Әділбек Ерсұлтанов, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:
-Саяси партиялардан ұсынылып жатыр, сондай-ақ өзін-өзі ұсынып жатқандар бар. Сайлау барысында заңбұзушылықтар тіркелген жоқ. Кейбір азаматтар өздерінің конституциялық құқығы қанағаттанбаған жағдайда сотқа немесе жоғары тұрған аумақтық сайлау комиссияларына арыздарын, өтініштерін жазуда.
Ауыл әкімін сайлау оның ел алдында жауапкершілігін көтереді әрі халықтың билікке сенімін өсіреді. Енді оның дербес бюджетіне аз-кем тоқталсақ. 2020 жылдан барлық ауылға қатысты «4-деңгейлі бюджет» деп айдарланған реформа жүзеге асып келеді. Бұл тетік ауыл басшыларына елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін дербес шешуге мүмкіндік беруі тиіс. Қазақша айтқанда ауыл әкімі қашанғы аудан, я қалаға алақан жайып қарап отырады? Өз шаруасын өзі неге шешпеске? 4-ші деңгейлі бюджет осы мәселелерге жауап болуы тиіс.
Алмат Махай, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім басшысы:
-Ауылішілік жолдарды өздеріңіз білесіздер күтіп ұстауға, техникаларды күтіп ұстауға, көгалдандыру, аулаларды абаттандыру жұмысы сияқты ірілі, ұсақ, орта деңгейдегі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Нұржамал Тұрсынбаева, Қармақшы ауданы, Ақжар ауылының әкімі:
-Ақжар ауылы бойынша 105 кәсіпкер тіркелген. Оның екеуі ірі шаруашылық егінмен айналысатын. 13 майда шаруашылықтарымыз бар. Қалғаны жеке кәсіпкерлер. Дүкеніміз бар, машина жөндеу орындары бар. Түскен салығымызды біз жергілікті ауылға, қоғамдастықтың мүшелерінің келісімі арқылы ауылға қажетті жұмыстарды жасап отырмыз.
4-деңгейлі бюджеттің былтырғы нәтижесіне тоқталайық. 320 млрд теңгеге жуық түсім түссе, ондағы дербес бюджеттің үлесі 21% асады. Салыстырып қарасақ, 2021 жылы салық түсімдері 186 млрдтан асса, дербестік үлесі 17% құраған.
Миржан Иманбаев, ҚР ҰЭМ өңiрлердi талдау және жергілікті өзін-өзі басқарyды дамыту департаментi директорының орынбасары:
-Бұл түсімдер ауылдық жерде жұмсалатын ақша қаражатының 5/1 бөлігі ғана. Яғни 100 теңгенің 20 теңгесі салық есебінен дербес бюджетке түседі. Қалғанын аудан мен облыс бюджеттері трансферт ретінде беріп отыр.
Экс сенатор Мұрат Бақтиярұлы ауыл әкімі бюджетінің әлі де аз екенін және облыс пен ауданнан бөлінетін трансферт есебінен оның үлесін көтеру оңайға соқпайтынын айтады.
Мұрат Бақтиярұлы, мемлекет және қоғам қайраткері:
-Ауылдық әкімдіктердің бюджеті ол республикалық бюджеттен тікелей берілгені маған анағұрлым дұрыс сияқты болып көрінеді. Облыстық бюджетке республикалық бюджеттен трансферт барады. Облыстық бюджет оны қалалық аудандық әкімдерге бөледі. Аудандық әкімдер оны ауылдық әкімдерге кейбір мәселе бойынша береді. Ол мәселені толыққанды шешпейді. Өйткені ауыл әкімдерінің кейбірі аудан әкімдерінен тысқары сайланғаны бар, солай ғой, ондай әкімдер жеткілікті. Өзін-өзі ұсынған әкімдер сайланды.
Дегенмен қазір қаралып жатқан Жаңа бюджет кодексі және Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы аясында IV деңгейдегі бюджетті ұлғайтуға бағытталған шаралар көзделгенін айта кеткен жөн.
Миржан Иманбаев, ҚР ҰЭМ өңiрлердi талдау және жергілікті өзін-өзі басқарyды дамыту департаментi директорының орынбасары:
-Ауылдық жерге берілетін салық түрлерін көбейтіп жатырмыз. 22 жылы нақты 3 салық түрі берілді. Енді қазір жаңа бюджет кодексі жазылып жатыр ғой. Сол кодекстің аясында, сосын жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасының аясында тағы бірнеше салық түрлері берілетін болады. Қазір аудандық облыстық бюджетке беріліп жатқан кейбір салық түрлері тікелей ауылдық деңгейге берілетін болады.
Әңгіме аудандық деңгейдегі қала, ауылдық округ пен кенттердің аумағында су ресурстарын пайдалану, жалпыға ортақ пайдалы қазбаларды игеруге салынатын салықтар мен осы аймақтарда жекелеген кәсіп иелерінен алынатын лицензиялық төлем түрлері хақында. Нәтижесінде қосымша 13 млрд теңгеге қол жетеді деп болжанып отыр. Ұсыныс. Кезінде облыс әкімінің орынбасары, кейінгі жылдары сенатор болған Мұрат Бақтиярұлы ауылға ондаған млн теңге түсіретін тағы бір қаражат көзін атады.
Мұрат Бақтиярұлы, мемлекет және қоғам қайраткері:
-Мен үй салам. Үйімнің жеріне 10 сотық, 15 сотық алам. Одан кейін мен бір ғимарат салғым келеді. 30 сотық, 40 сотық жерге кафе салғым келеді. Ол жерлерді міндетті түрде сатып алады. Ол аукционға шығарылады. + Сол аукционнан түскен ақшалар ауылдық бюджетке қалатын болса, ол анағұрлым жақсы болады.
Экономист мамандар қолға алынып жатқан бастамалардың стратегиялық маңызы зор екенін айтады. Бірақ бір мәселе туындауы мүмкін.
Ерболат Барлықов, экономист:
-Осы жаңағы бюджеттердің келісімшарттары бар, салық төлемдері бар, басқа да жасалатын жұмыстарды жүргізетін ауылдық жерде маман болуы керек. Ол маман қазір бар ма? Осының бәрін өз деңгейінде жүргізсе, бұл ауылдық жерге өте тиімді, өте пайдалы.
Соңғы мәселе. Жемқорлық. Төртінші деңгейдегі бюджеттің артықшылығы сол, ауыл әкімі әрбір тиынды жергілікті халықпен келісе отырып қана жұмсай алады. Мамандардың бұл реформаның ауыл үшін стратегиялық маңызы зор деп бағамдауы да осыдан.