Ақсу қаласындағы жекеменшік сүт зауытының жеріне қатысты дау туындады
Кәсіпорын басшысы оған жергілікті билікті кінәлі деп санайды. Айтуынша, жақында оған жер мақсатсыз пайдаланылуда деген хабарлама келген.
Тіпті осы іс сотқа жолданыпты. Жағдай ушықса, онда еңбек ететін 150 адам жұмыссыз қалады дегенде қауіп бар.
Кәсіпкер сөз етіп отырған нысанның құрылысын осы ауыс-түйістер кезінде аяқтап, жарты жыл бұрын сүт өндірісін іске қосқан. Жүздеген сауын сиырды ұстайтын қора, одан алынған өнімді өңдеу құрылғылары бәрі бір орынға шоғырланған.
Дидар Бейсенбаев, шаруашылық директоры:
- Егер қандай да бір заңбұзушылық болса, сол нысанды салып жатқан кезде неге ешкім келіп жұмысты тоқтатпаған. Қаншама шығын шығарып, жұмысқа кіріскен тұста жер мақсатсыз пайдалануда деген мәселе көтерілуде. Біз мұнымен келіспейміз. Осы жер учаскесіне қатысты құжаттарды өзім рәсімдедім. Өтінішті де өзім жазып, тиісті рұқсатты қолыма алдым.
Бұл жағдайға қатысты жергілікті әкіммен де сөйлестік. Оның айтуынша, ферма қала аумағында орналасқан. Қар еріп, күн жылытқан соң, одан жағымсыз иіс шыға бастапты. Бұл жайсыздыққа тұрғындар шағымданған. Жердің мақсаттылығына қатысты әңгіменің шеті содан кейін шыққан.
Нұржан Әшімбетов, Ақсу қаласының әкімі:
- Осы мәселені ескерткеннен кейін қалалық прокуратура істі қарады. Жақын арада сот отырысы болады. Кәсіпорын жұмыс істеуі керек деп ойлаймын. Қазір далаға шығып жатқан иісті утилизация жасауға болады.
Жер біреу болса да, оны пайдалануға қатысты екі түрлі құжат бар екен.
Ольга Забелич, Ақсу қаласы «Жер қатынастары бөлімі» ММ жер комиссиясының бұрынғы хатшысы:
- Мен 2016-2019 жылдар аралығында сол жер комиссиясында жұмыс істедім. Қазір даулы болып тұрған жерге қатысты шығарылған оң қорытындыға мен де қол қойғанмын. Қайдан екені белгісіз қазір соған ұқсас екінші құжат пайда болыпты. Бірақ онда теріс қорытынды берілген. Ол жердегі жазу менің қалтаңбам емес.
Осылай әр тарап өз ұстанымын айтып, қолда бар дәлелін ұсынуда. Бір қызығы, жобаны іске асыру үшін мемлекеттік бағдарлама аясында да несие рәсімделген.
Авторы: Ердәулет Ыбырайұлы