Тілші О. Керейхан вакцина салдырғаннан кейінгі әсерімен бөлісті
Әріптесіміз Олжас Керейхан да вакцина алғаннан кейінгі әсерімен бөлісті.
- Олжас, вакцинадан кейінгі денсаулығыңыз қалай? Жанама әсері бар ма, жалпы қалай сезініп жатырсыз?
Олжас Керейхан, тілші:
- Алғашқы вакцинаны салғанда айтарлықтай әсері болмады. Тек сол күні түнге қарай аздап аяқ-қолым қақсап, тамағым қырнап ауырды. Дене қызуы да болған жоқ. Яғни көп әсері болмады. Ал арада 21 күн өткенде, екінші дозасын алған кезде айтарлықтай әсері білінді. Вакцина салған соң, жарты сағат сол емханада дәргерлердің бақылауында болдық. Ол кезде еш сезілген жоқ. Тек кешке қарай дененің қызуы 37,8 дейін көтерілді. Сүйек қақсап ауыра бастады. Вакцина алған күннің ертеңінде әлсіздіктен қозғалмай жатуға тура келді. Екпе салған емхананың дәрігерлері хабарласып, денсаулығымды біліп отырды. Арада толық бір тәулік өткенде ғана оңалдым. Ал дәрігерлер бұл қалыпты жағдай екенін айтады.
- Вакцина алғаннан кейін де сақтық шараларын ескеру қажет пе? Дәрігерлер не дейді?
Олжас Керейхан, тілші:
- Иә, вакцина – ауруға қарсы ағзаның пайда болуының басты қорғаны. Дегенмен екпенің толық әсер ету уақыты бар. Ол әр адамның денсаулығына байланысты. Вакцина алған соң да сақтық шараларына салақ қарауға болмайды. Яғни маска тағып, вакцинаға дейін қалай қорғансақ, вакцинадан кейін де солай қорғанып жүрген дұрыс.
- Вакцинаңыз аурудан қорған болсын! Ал жалпы өңірде елдің екпеге деген көзқарасы қалай?
Олжас Керейхан, тілші:
- Иә, вакцина салу науқаны алғаш басталғанда елдің үмітінен күдігі басым болған. Бірақ індеттен құтылудың жалғыз жолы осы вакцина екенін ұққандай. Сондықтан қазір халықтың екпеге деген екпіні жақсы. Әсіресе жасы егде тартқан адамдардың құлшынысы жоғары.
Рая Рахимова, емхана меңгерушісі:
- Вакцина алған ең жоғары жастағы кісі – 89 жастағы адам. Басында 89 жастағы адам вакцинаны қалай қабылдар екен деп кішкене қорқақтадық. Бірақ екінші компонентін де жақсы қабылдады. Менің айтарым, қант диабеті және қосымша диагнозы бар адамдарға ауырған уақытта өте қиын. Сондықтан барлықтарыңыз, үлкен адамдар, қорықпай өз емханаларыңызға келіңіздер. Ешкімнен де кері әсерін байқаған жоқпыз.
Жалпы қазір аймақта емханаларды қосқанда екпе салуға арналған 120-дан астам орын дайындалды. Бұған дейін «Спутник V» вакцинасы егілді. Енді аймаққа отандық QazVac вакцинасының 4 мың дозасы жеткізілді. Дәрігерлер біртіндеп салып жатыр. Әрине, отандық екпені салдыра ма әлде басқа вакцинаны салдыра ма, ол – әркімнің өз таңдауы. Тек екі дозасы да бір өндірістікі болуы шарт.