Хабар телеарнасы

Еліміздегі бүкіл мешіттердің ауласында Ораза айт намазы оқылды

Отыз күн оразада сабыр мен төзімге ұйыған, жаманнан тыйылған қаймана жұрт қасиетті Рамазан айында құт болып құйылатын қалың сауаптан үмітті.

Жақсы сөз – жарым ырыс. Ақ пейілден туған ақжарма тілек пен шын көңілден жасалған күмәнсіз кешірім көбейсін деген ниетпен еліміздегі күллі мешіт аулаларында айт намазы оқылды.

ЕРДӘУЛЕТ ЫБЫРАЙҰЛЫ, ТІЛШІ:

- Ұлық Рамазан айы мұсылман қауымына өз тартуын ала келгендей. Дәл осы айда бір жылдан астам уақыттан кейін мешіттерде жамағат болып намаз оқуға қайта мүмкіндік туды. Иманы берік халық мешітті сағынды. Міне, сол сағыныштың көрінісі. Тұрғындар Ораза айт намазына жиналуда. Елорда таңғы сағат алты жарымның кезінде аула құлшылық жасауға ниеттенген адамдарға лық толып тұр.

Жасы бар, кәрісі бар таң бозарып атқанда елорда жұрты мешітке ағылды. Намаз аулада оқылатындықтан бұрын айтылған серт бойынша көпшілік жайнамазды өзімен ала келген. Бәрінің көңілдері көтеріңкі, жүздерінен мерекелік қуаныштың лебі сезіледі.

Сағына жеткен сәт ұзағынан сүйіндірсе игі. Бұдан былай мешітте жамағат болып намаз оқу, келушілердің сақтық шараларын ұстау деңгейіне тікелей байланысты болады. Мешіт маңына жиналған дүйім жұртқа имамдар осыны да құлаққағыс етті. Міне, межелі уақытта Ораза айттың екі бас намазы да оқылды. Әдетте осы үрдістен кейін қалың жұрт төс қағысып, қауқылдасушы еді. Бұл жолы жағдай мүлдем басқаша болды. Пандемияның біздің өмірімізге енгізген басты өзгерісіне сәйкес, қол алысып, құшақ ашуға рұқсат етілген жоқ.

Ершат Оңғар, ҚМДБ төрағасының орынбасары:

- Біз осы шараны сақтықпен өткізгеніміз дұрыс. Көпшілік топтасатын жерге бармаған дұрыс деп біз үндеу айтудамыз. Айттау мәселесін біз өзге де игі шаралармен алмастырғанымыз дұрыс. Мысалы, біз жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету арқылы алмастырсақ, сауабы әлде қайда көбірек болады.

Дін өкілдерінің айтуынша, Ораза айтта жасалатын ізгі амалдар мұнымен шектелмеуі керек. Жақсы тілектер көбірек айтылып, бұрын араздасқан адамдардың татуласқаны абзал. Сонда ғана бұл мейрамды мейірбандық, қайырымдылық, адалдық, ынтымақтастықтың бөлінбес бөлшегіне айналдыра аламыз.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин