Халықтың мемлекеттік органдарға жазған арыз-өтініші 1 шілдеден бастап «е-Өтініш» базасына енеді
Өңірге іс-сапармен барған Президенттің көмекшісі – Президент Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Тамара Дүйсенова жергілікті әкімдіктер мен «е-Өтініш» ақпараттық жүйесінің жұмысымен де танысты.
Еліміздің әр тұрғынының мемлекеттік органдарға жолдаған арыз-өтініші 1 шілдеден бастап «е-Өтініш» ақпараттық базасына енеді. Оны арыз иесі қадағалап отыруға құқылы.
Тамара Дүйсенова, ҚР Президентінің көмекшісі – ҚР Президенті әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі:
- Жаңа кодекске сәйкес азамат тек арыз беріп қана қоймай, сонымен қатар оны қай мемлекеттік органның қалай қарап жатқаны жөнінде толық қадағалауға, ол туралы ақпарат алуға мүмкіндігі бар және қосымша өзінің дәйектемелерін бере алады.
Мемлекеттік органдардың арыз-өтініш иелеріне қайтарған жауабының дұрыс-бұрыстығы қажет болса, сотта қаралады. Тұрғындардың мәселесіне жүрдім-бардым қарап, әуре-сарсаңға салғандар жауапқа да тартылады. Шағымдану кезінде шешімдердің немесе жауаптардың негізділігін мемлекеттік орган дәлелдейді. Бұл ретте жаңа әкімшілік соттар құрылады.
Райкүл Байназарова, Облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы:
- Аудан деңгейінен Президент әкімшілігіне дейін жазылған арыздардың бір базада болуы, әрине, көңілге қонатын жағдай. Негізгі ой дұрыс: халықтың үнін есту, тыңдау, мәселелерін бақылауға алып шешу жағына бірлесіп жұмыс істеу.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Тамара Дүйсенова өңірге сапары барысында аудан, ауыл әкімдері және мемлекеттік орган басшыларымен де кездесті. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, «е-Өтініш» ақпараттық жүйесінің жұмысымен танысты. Мұнан соң Жаңақорған ауданындағы осы бағытта атқарылып жатқан жұмыс барысын бағамдап, Манап ауылы тұрғындарының пікірін тыңдады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов