Павлодар облысында бір айдың ішінде 150-ден астам тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі тіркелді
Осындай әлімжеттік жағдайлар көбейіп кеткендіктен полицейлер кешенді шараларды бастап кетті.
Айнұр есімді қала тұрғыны екі баласымен оңалту орталығын паналап отыр. Ол бірнеше ай бойы жолдасының соққысына жығылып келген. Күндердің күнінде жолдасы мүгедек баласына да қол көтерген. Сол сәтте Айнұр балалары мен өз өмірі үшін қорқып, үйінен кетіп қалған.
Айнұр, зардап шегуші:
- Күйеуім бізді үйге кіргізбей қоятын. Бірінші қабаттағы пәтердің терезелерін қиратып, көршілерді дүрліктіретін. Күніміз қорқумен ғана өтетін. 13 жастағы балам сал ауруына шалдыққан. Оған да қол көтеретін.
Бір өкініштісі, осы тектес жағдайлар көп. Жуырда «Ана үйіне» жолдасы ұрып-соққан әйел мен қызы түсті. Ресми мәліметтерге сүйенсек, дерек бойынша әкімшілік іс қозғалған. Мамандардың айтуынша, отбасылардың берекесін қашырғандардың көбі жауапкершіліктен оңай құтылады.
Светлана Гринченко, дағдарыс орталығының психологі:
- Зардап шеккен әйелдерге айтар кеңестеріміз бар. Мәселен, құжаттар белгілі бір жерде сақталуы керек. Сонымен қатар үйден кету кезінде жүк дайындап қойған дұрыс. Ұрыс кезінде бөлмеде тығылып отырмаған жөн. Бұл адамның ашуын одан әрі қоздырады. Пәтердің кілті қолда болған жөн. Сонымен қатар «SOS-102» мобильді қосмышасы жүктелсе, артық болмас.
Тәртіп сақшылары мен дағдарыс орталығының мамандары есепте тұрған отбасыларды тұрақты түрде тексеріп отырады. Полицейлер отбасын соққыға жыққан азаматқа қатысты ұйғарым шығарады.
Ардақ Ешмағамбетов, Павлодар қ. ЖПҚ бөлімінің бастығы:
- Қазіргі уақытта жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. Рейдтер күнделікті жүргізіледі. Осы күнге дейін 350-ге жуық ұйғарым жасадық. Оның 52-сі ерекше сипатта. Тұрмыстық зорлық деректері азаймай тұр. 135 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Өкініштісі сол, тұрмыстық зорлық жиі кездесетін жағдайға айналды. Бұған ешкім таң қалмайды. Полицейлер жанжал тудырған адамға қатысты шара қолданып, бірнеше тәулікке бостандығынан айырады. Бірақ бостандыққа шыққан соң сол әрекетін қайталайды. Психологтар: «Зорлық деректерін жасыруға болмайды», - дейді. Себебі бұл – бір отбасының емес, бүкіл қоғамның ортақ проблемасы.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат