Павлодар облысында қарғын судан келген шығын есептеліп жатыр
Ресми ақпаратқа сүйенсек, Өспен және Ақтоғай ауданы бойынша 18 үйді су басқан. Сонымен қатар Май ауданының орталығы Көктөбе ауылында да бірнеше үйге су кіргені белгілі болды. Облыс аумағында қауіпті 10 учаске бақылауға алынған. Жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
Көктөбе ауылының шеткі үйлеріне су қырдан келген. Биыл қар қалың түсті. Оның үстіне күн күрт жылынды. Шәмшінұр Нүсіпханның айтуынша, жылда қора-қопсыны басатын су биыл үйге жайылған. Енді еденді ауыстырмай болмайды.
Шәмшінұр Нүсіпхан, Көктөбе ауылының тұрғыны:
- Төрт баланы документті апарып тастап, қайтып келдім. Қайтып келсем, үйдің ортан белінен су кіріп болыпты. Амал жоқ, содан кейін әкімшілікке қайта хабарластым, үйге су кіріп кетті деп. Ол кісілер енді шамасы келгенше суды сорды, төрт күн сорды ғой негізі. Міне, екі күн болды кішкене жақсы, көзіміз ашылды әйтеуір.
Жергілікті әкімдік уақытша жатақханаға барып тұруға кеңес беріпті. Бірақ көпбалалы отбасы бұл ұсыныстан бас тартқан. Ал көршілері есігін жауып қалаға кеткен.
Ағыбай Әмірин, Май ауданының әкімі:
- Біз көрдік, кейбіреулерінің фундаменттерінің сылағы түскен. Ондай жағдайлар болды. Біз аудан бюджетінен оларды қалпына келтіруге 100 АЕК қаражат бөлеміз.
Су тасқыны біртіндеп Павлодар облысының солтүстігіне ауысып барады. Бүгінде 18 үйді су басқан. Ақтоғай ауданының Шолақсор және Жалаулы ауылдарында жағдай күрделі.
Олег Трещёв, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- Сілеті өзеніне қауіп көрші Ақмола облысынан келеді. Су қазір қалыпты мөлшерден артық босатылып жатыр. Тасқын судан тағы бірнеше аймаққа қауіп төнуі мүмкін.
Қарғын судан келген залалды жоюға облыстық бюджеттен 2 млрд 800 млн теңге қаржы бөлді. Арнайы комиссия келтірілген шығын көлемін есептейді. Қала және аудан әкімдіктері зардап шеккен үйлердің тізімін жасап жатыр.
Альмира Дүсіпова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
- Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша барлық зардап шеккен отбасыларға арнайы көмек көрсетілетін болады. Оның ішінде бюджеттен тыс, демеушілік қаражат есебінен де болады. Сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккендердің барлығына міндетті түрде бір жолғы мемлекеттік көмек көрсетілетін болады.
Тасқын судан зардап шеккен адамдар жергілікті әкімдікке хабарласып, өтініш бере алады. Бүгін өңірде дауылды ескерту жарияланды. Алдағы тәулікте Павлодар облысы бойынша қар аралас жаңбыр жауады деген болжам жасалып отыр. Қарғын суға қарсы күрес те күшейтілген.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев