Туристерге арналған eQonaq ақпараттық жүйесі іске қосылды
Елде eQonaq деп аталатын бірыңғай ақпараттық жүйе іске қосылды. Бұл жүйе арқылы шетелдік туристердің санын ғана емес, олардың сапасын да, атап айтқанда, туристер біздің елде қанша күн тоқтайды, қандай орындарға жиі барады, қандай қызметтерді пайдаланады – бәрін білуге болады. Оның үстіне өткен жылдың қаңтарынан бастап Қазақстан Президенттің бастамасымен шетелдік туристерді міндетті тіркеуден бас тартқаны белгілі.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы өткен жылдың соңынан бері eQonaq жүйесін пилоттық жобада сынап көрді. Қазір жүйе Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында 383 орналастыру орнында, яғни қонақ үйлер мен хостелдерде жұмыс істеп тұр. Әзірге 21 мың 958 турист тіркелген. Осы жылдың маусым айында Алакөл, Балқаш, Атырау және Ақтау қонақ үйлеріне жүйені енгізу жоспарланған. Жыл соңына дейін еліміздің басқа да туристік аймақтарын қамту және eQonaq жүйесі бар қонақ үйлер санын 600-ге дейін жеткізу жоспары тұр.
«Жобаны толық іске қосу үшін 89 млн теңге қажет. Бұл – бір реттік шығын», - дейді «Қазақ туризм» компаниясының өкілдері.