Хабар телеарнасы

Соңғы 4 жылда экономикадағы туризмнің үлесі 3,2% дейін азайып кетті

Соңғы төрт жылда экономикадағы туризмнің үлесі 3,7%-дан 3,2% дейін азайып кетті. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен. Демалушылар саны өскенімен, Алматы мен Алакөлдегі туристік базалар саны керісінше қысқарған. Ал туризмді дамытуға бағытталған 17 серпінді жобаның тек екеуі ғана ірі жоба. Туризм мәселелері жөніндегі арнайы отырыста Президент біраз түйткілді жіпке тізді. Мәселен, еліміз туризм саласындағы іскерлік ортаны дамыту тұрғысынан, 119 елдің ішінде 70-орында тұр. Әуе, теміржол және көлік қатынасындағы мәселелер де түпкілікті шешілмеген. Алматы өңірінің тау кластері, Маңғыстау жағажай туризмі және Щучье-Бурабай курорттық аймағы ең қолайлы бағыттар саналады. Бірақ мұнда да түйткіл көп. Мемлекет басшысы демалыс аймақтарының инфрақұрылымынан бастап, салаға цифрлық технологиялар енгізу, ақпараттандыру сияқты көптеген мәселені шешуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Шучье-Бурабай курорттық аймағының да туристік әлеуеті өте жоғары. Мұндағы тұмса табиғат, тарихи және мәдени ескерткіштер біздің бірегей байлығымыз. Туристер саны жылдан жылға артып келе жатыр. Дегенмен онда инфрақұрылым салу жұмысы өте баяу жүріп жатыр. Соның салдарынан жергілікті демалыс орындарындағы экологиялық ахуал әлі де күрделі. Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспары толық жүзеге асырылған жоқ. Бұл құжат сонау 2012 жылы қабылданған. Жоспар бойынша 126 миллиард теңге бөлінуге тиіс еді. Іс жүзінде 35 миллиард теңге берілген. Бұл көзделген қаржының небәрі 28%. 10 жылдан астам уақыт өтті. Бірақ демалыс орнында тазарту қондырғылары орнатылған жоқ. Су желілері мен жылу көздерінің құрылысы да толық бітпеген. Үкімет, Президент Іс басқармасы және облыс әкімдігі осы жобаларды көпке созбай, қысқа мерзімде аяқтауға тиіс.