Қарағандыда құрылыс материалдары 40% қымбаттады
Ал тендерді былтырғы бағамен жеңіп алған компаниялар енді тығырықтан қалай шығарын білмей дал болуда. Бағаның шарықтауына не себеп?
Ардақ Асылханұлы, тілші:
- Елімізде жыл басынан бері құрылыс материалдары 40% қымбаттаған. Ол аздай, көп зат тапшы екен. Биыл тек Қазақстанда ғана емес, көрші мемлекеттерде де құрылыс қарқын алған соң, материалға сұраныс артқан. Ал өкінішке қарай, отандық кәсіпорындар ол қажеттілікті қамтамасыз ете алмай отыр.
Төлеген Әшімов жетекшілік ететін компания тек Қарағанды өңірінде 15 ғимарат салып жатыр. Оның басым көпшілігі – әлеуметтік нысандар. Өкінішке қарай, жуырда соның үшеуінің құрылысын тоқтатуға мәжбүр болған. Себебі шығын көп.
Төлеген Әшімов, құрылыс компаниясының директоры:
- Құрылыс индустриясын дамыту керек. Кәсіпкерлер несие алып, кірпіш зауытын салуы керек. Арматура, блок шығаратын зауыттар қажет. Соның бәрін ойластырып, бизнесте жүрген азаматтар ресторан, кафе, дүкен сала бермей, зауыт салуға тырмысуы керек. Сол кезде баға түседі.
Кәсіпкерлердің айтуынша, біздегі құрылыс нарығы импортқа тәуелді. Айталық, тек темірдің 45%, ал шынының 100% сырттан жеткізіледі екен. Бағаның шарықтауының бір себебі осы. Қазір шығынға батқан шағын компаниялар мемлекеттен көмек сұрап отыр.
Нейля Қайырбекова, Қарағанды облыстық құрылысшылар қауымдастығының директоры:
- Сметалық нормаларды қарастыратын министрлік жанынан құрылған ғылыми зерттеу институты бар. Сол институт тез арада сметалық нормаларды өзгертіп, бүгінгі жағдайға сәйкес етсе, бұл жағдайдан аман-есен шығармыз деп ойлаймыз.
Жалпы елдегі тиісті заңға сәйкес, егер материал сметада көрсетілген бағадан 10% қымбаттаса, компания құрылысты тоқтатуға құқылы екен. «Бірақ сметалық құжатты қайта қарап, қосымша қаржы бөлу кем дегенде 7-8 ай уақыт алады», - дейді мамандар.
Абзал Жайлыбаев, Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:
- Әр нысан бойынша жеке-жеке қарастырудамыз. Шын мәнінде солай ма әлде басқа да факторлар бар ма дегендей. Қазіргі уақытта Үкімет басшысының тапсырмасымен жобаларға түзету жасауды жылдамдату бойынша тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Осы 3-4 аптада шешімін табады деп ойлаймын.
Сала мамандарының айтуынша, егер шұғыл шара қолданбаса, қаншама құрылыстың тоқтап қалу қаупі бар. Тиісінше мыңдаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Айта кету керек, қазір Қарағанды облысында 23 миллиард теңгеге 39 әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев