Қызылордада аға буынның басын қосқан «Күміс волонтерлік» дамып келеді
Волонтерлер қатары жастармен толыққаны көңіл қуантады. Дегенмен кейінгі толқынға жөн көрсетіп, жол сілтеп отыратын аға буынның орны қашанда бөлек. Осы ретте жасы 50-ден асқан қызылордалық «Күміс волонтерлер» белсенділігі күн санап артып келеді.
Жақсылық жасаудың ерте-кеші жоқ. «Қолыңнан келмесе де сөзіңмен көмектес», - дейді алпысты алқымдаған Гүлжахан Мырзағалиева. Зейнеткер біраз жылдан бері шала туған нәрестелерге жылы киімдер тоқумен айналысады. Жас аналардан бала күтімі жайында кеңесін аямайды әрі тоқымасын тегін үлестіреді.
Гүлжахан Мырзағалиева, волонтер:
- Сол заттарды сатып ала алмайтын көпбалалы аналар бар. Қолымыздан жасалған, тоқылған дүниелермен көмектесіп отырмыз. Бар мақсат – қоғамға кішкентай болса да өз көмегімізді тигізу. Біздің де жұмысымыз бар, немерелерімізді бағамыз. Соның арасында ұлгеріп қалуға тырысамыз. Жүректегі иман, қайырымдылықты жұртқа көрсетеміз.
Ал Гүлмира Мұхамбеталинаның айтуынша, қайырымды болу – жас-кәріні талғамайтын қасиет. Тек экология, мәдениет, салауаттылық немесе ұлтжандылық секілді жаныңа жақын, қолыңнан келетін бағыттарды таңдап алсаң болғаны. «Саябақта таңғы жаттығу ұйымдастыру, ағаш егу, тіпті хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу секілді игі істер бізді еріксіз біріктірді», - дейді ол.
Гүлмира Мұхамбеталина, «Күміс волонтерлер» жобасының үйлестірушісі:
- Менімен қатар құрдастарымның көбі ұялады. Өз немерелерін бағып, еріктілердің жұмысын бос сергелдең деп қабылдайды. Біз оларды мәдени-көпшілік шараларға шақырып, бағыт-бағдар беріп, ізгі ниетімізді түсіндіреміз.
Ольга Чебакова, «Қызылорда еріктілері» ҚҚ атқарушы директоры:
- 50-ден асқан кез келген адам онлайн сауалнама толтырып, біздің базаға тіркеледі. Алдыңғы толқынның өмірлік тәжірибесі, дәстүр-мәдениет, тарихымызды өскелең ұрпаққа үйрете алатын біліктілігі өте қажет. Сондықтан жастар мен үлкен кісілердің ілкімді іске бірге жұмылғанынан ұтарымыз көп.
Бүгінде ел аумағында егде еріктілер тобы 70 адамға жетіп қалды. Солардың ішінде белсенділігі жоғары қызылордалық қозғалыс мүшелері жыл соңына дейін 50 шақты шара ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов, Айтмұхамбет Бәйділдаев