Ақтөбеде еңбек дауы жиілеп кетті
Бір ғана Хромтау ауданындағы кәсіпорын 75 жұмысшыға 126 миллион теңге берешек. «Бұған қоса, өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жайы көңіл көншітпейді», – дейді ереуілге шығушылар. Осыған байланысты облыста Еңбек тәуекелдері картасы жасалып, әлеуметтік дүмпу болуы мүмкін мекеме назарға алынған.
Айбек Нұрпейісов еңбек ететін мұнай компаниясында кәсіподақ ұйымы осыдан үш жыл бұрын ғана құрылған. Оған дейін шетелдік инвесторлар қарапайым жұмысшылардың арыз-шағымына құлақ аспай келіпті. Жылдың тең жарымында түз кезетін мұнайшылар табысының мардымсыздығына наразылық білдірген. Ол үшін кәсіподаққа бірігіп, заң аясында талап-тілектерін жеткізген. Нәтижесінде жалақы мәселесі оң шешімін тауыпты. Қазір де кәсіподақ ұйымының жетекшісі жұмыс беруші тараппен келіссөздер жүргізуде.
Айбек Нұрпейісов, «Бастауыш» кәсіподақ ұйымының төрағасы:
- Осы жылдың басында коллективный договор бойынша индекстеу төленген жоқ. Осы жақында кәсіподақ тарапының атынан инфляция төленетін болды. Жыл басынан бастап қайта есептемек, бұйрық шықты, төленеді.
Бұл – Еңбек кодексі аясында қолға алынатын қадамдардың бірі. Дегенмен өңірде келіссөздерге құлақ аспай, арты дау-дамайға ұласатын жағдайлар жиі кездеседі. Жыл басынан бері оннан астам мекеме жұмысшылары ереуілге шыққан. Осыған байланысты облыстық кәсіподақтар орталығында Еңбек тәуекелдері картасы жасалды. Қарапайым сөзбен айтқанда жұмыс беруші мен қызметкерлер арасында кикілжің орын алуы ықтимал компаниялар назарға алынды.
Жеңісбек Ақбергенов, облыстық Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары:
- Ол картаға Ақтөбе облысы бойынша 25 мекеме енгізілді. Соның қазір 22-сінде жағдай тұрақталған. Үш мекеме бойынша біздер қазір күнделікті мониторинг жүргіземіз. Енді ол жердегі мекемедегі басты мәселе – жалақы. Жалақының уақытында берілмеуі немесе оның көлемінің төмендігі.
Мәселен Хромтау ауданындағы кәсіпорын 75 жұмысшыға 126 миллион теңге бережақ. Іс қазір сот актілерін орындаушылардың қарауында. Мұндай жайттардың алдын алу үшін өңірде кәсіподақ, жұмыс беруші және атқарушы билік тарапын қамтитын 5 жарым мың меморандумға қол қойылған. Дегенмен құзырлы орган өкілдері қарапайым еңбек адамдарының құқығын қорғау үшін бірінші кезекте бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру қажет дейді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков