Қостанайдағы Мереке ауылының тағдыры қыл үстінде тұр
Бағы тайып, берекесі кеткен сондай елді мекендердің бірі – Наурызым ауданындағы Мереке ауылы. Қиян шеттегі шағын ауыл мүлдем құрып кетудің алдында тұр. Жергілікті тоғыз жылдық мектеп бала саны толмаса, биыл ықшамдалуы мүмкін. Соған жол бермес үшін ауыл тұрғындары өз күштерімен иесіз қалған үйлерді дұрыстап, сырттан көпбалалы отбасыларын шақырып жүр.
Қираған үйлер, есік-терезесі үңірейіп, қаңыраған қабырғалар. Міне, бұл – Мереке ауылының бүгінгі көрінісі. Кезінде үш жарым мыңдай халқы болған елді мекеннің тірлігі қыз-қыз қайнап жататын десе кім сенеді? Мектепте 500-600 бала болатын. Енді қырыққа жеткізе алмай отыр. «Осы жалғыз әлеуметтік нысан жабылса, күніміз қараң», – дейді жергілікті тұрғындар.
Молдырахман Өсіпов, Мереке ауылының тұрғыны:
- Көшіп кетіп жатыр. Ол балалардың азайғаны. Ертең мектеп жабылса, бұл жерде ешқандай халық қалмайын деп тұр.
Әзірге ауылда 50 үй түтін түтетіп отыр. Негізгі күн көріс – қорадағы малы. «Әр аулада ұсақ тұяқтыларды айтпағанда, кемі 10-20 бас ірі қарадан бар», – дейді мұндағылар. Бұл атырабтың шөбі – шүйгін, оты – қалың. Сондықтан ата кәсіпті дамытуға барлық мүмкіндік бар. Бірақ одан не қайыр, барлық өркениет жетістіктерінен мақұрым қалып отырса, байланыс нашар, интернет жоқ. Ауылдағы «тұщы» деген екі құдық суының сапасы да күмән тудырады. Аудан орталығынан 180, Қостанайдан 300 шақырым қиян шеттегі елді мекенге әсіресе, көктем, қыс мезгілдерінде қатынау қиын. Соған қарамастан мұндағы азын-аулақ жұрт ауылды сақтап қалуға мүдделі. Жоғары жақтағылардан қайыр болмаған соң, өз күштерімен ескі үйлерді жөндеп, сырттан адамдарды шақырып жүр.
Бәтима Есенеева, Мереке ауылының тұрғыны:
- Өзіміздің қаражатымыздан, осы Мереке мектебінің ұжымы атынан өзіміз істеп жатырмыз. Бәріміз атсалысып жатырмыз. Келеді деген адамдарға үмітімізді артып отырмыз.
Осы бастамаға мұрындық болған жергілікті шаруа қожалығының иесі Ернар Омаров екі-үш баспананы қалпына келтіруді өз мойына алған.
Ернар Омаров, шаруа:
- Келетін отбасыларға мал береміз: 20 шақты қой-ешкі, бір бұзаулы сиыр, сосын үй. Енді «мал бердік» деп міндеттемейміз. Біздің шаруашылықта істесе де болады, істемесе де болады. Бастысы, мектепке бала керек. Сосын жұмыс істеймін десе, жұмыс та бар.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Бұл ауылға биыл Атырау, сосын Алматы облысынан екі отбасы көшіп келуі керек деп күтіп отыр. Атыраудан қоныс аудармақ ойы бар азамат мал шаруашылығымен айналысады екен. Бұл жақтың кең жайылымына қызығыпты. Алайда көшке тежеу болып отырған басты жайт – интернеттің жоқтығы. «Ең болмағанда атқарушы билік осы жағынан көмектессе екен», – дейді мерекеліктер.