Балаларға екпе 12 жастан салынады
Вирустың мутацияға ұшырауы салдарынан балалар жиі ауруда. Сондықтан Қазақстанда 12 жастан бастап балаларды вакцинациялау мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова хабарлады.
Вакциналау елге америкалық «Pfizer» препараты түскен кезде мүмкін болады. Ал препараттың алғашқы партиясы төртінші тоқсанда келуі тиіс. Жалпы Қазақстанда 12 мен 18 жас аралығындағы 2 миллион адам бар.
Айжан Есмағамбетова, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:
- Дельта штамының таралуына, вирустың үнемі мутацияға ұшырап отыратынына байланысты қазір балалар жиі ауыра бастағанын растаймыз. Сонымен қатар қазір біздің алдымызда тұрған міндет – ересектерді ғана емес, балаларды да қорғау. Әрине, балаларды вакцинациялау олардың ата-аналарының рұқсатымен ғана жүргізіледі.
Ал «Pfizer» вакцинасы Қазақстан азаматтарына толықтай жететіндей мөлшерде күзде жеткізіледі. Бұл туралы Санитарлық- эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев айтты. Сондай-ақ бір компонентті «Спутник Лайт» вакцинасын жеткізу бойынша Ресеймен де келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алайда келісімшартқа қатысты өзге мәліметтер жарияланбайды. Еске салайық, елімізде қызмет көрсету саласының мамандары екпенің бірінші компонентін 10 тамызға дейін, ал екінші бөлігін 1 қыркүйекке дейін салдыру керек.
Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:
- Бұл вакцина – бір дозалы вакцина. Оның тиімділігі 80% құрайды. Кейбір азаматтарымыз вакцинаны 2 рет салғызғысы келмесе, осы «Спутник Лайт» вакцинасын алса болады.