Петропавлда вакцина салдырушылар саны артты
Тіпті қаладағы білім ошақтарының бірі бұл науқанды толығымен аяқтап қойған.
Петропавлдағы сумен қамту кәсіпорны – шахардағы ең ірі компаниялардың бірі. Халыққа қызмет керсететін мекемеде бүгінгі күні 700-ден астам азамат еңбек етеді. Өзінің әрі өзгенің денсаулығын ойлағандар жаппай вакцина салдырып жатыр. Солардың бірі – Зураш Әлкина.
Зураш Әлкина, сумен қамту кәсіпорнының қызметкері:
- Мен бірінші компонентті 21 күн бұрын алдым. Бірінші күн температура болды. Бүгін міне екінші компонентті алуға келдім. Бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Қазір вакцинаны алмауға болмайды. Қазіргі пандемиядан әр адам өз отбасын ойлау керек.
Қазір өңірде ұжымдық имунитетті қалыптастыру үшін жаппай вакцинациялау жұмыстары қарқын алды. Тіпті қаладағы мектептердің бірі екпенің толық курсынан өтіп, алғашқылардың бірі науқанды аяқтаған. Дегенмен де өңірде эпидахуал уақыт өткен сайын ушығып барады. Облыс қызыл аймақта. Тек қалалық көпбейінді аурухананың инфекциялық стационарында қазір 71 адам ем қабылдап жатыр. Оның 12-і ауыр, 9-ы аса ауыр хәлде.
Жанна Маутова, қалалық аурухананың директоры:
- Қазір отбасымен коронавирус жұқтырып, ауруханаға түсіп жатқандар көбейді. Мәселен, жанұяда екпе қойдыртқан азамат 12 күнде емделіп үйіне жіберілді. Ал вакцина алмағаны жан сақтау бөлімінен бірақ шықты. Сондықтан бұл індеттің жалғыз емі бар, ол – екпе.
Қазіргі таңда Солтүстік қазақстан облысы екпе салдыртқандар саны бойынша алдығы үштікте. Өңірде 93 мыңға жуық адам вакцинаның екі компонентін де салдырған.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев