ШҚО-да бірқатар ауыл ауызсуға жарымай отыр
Өйткені ондағы ауызсу құбырын тарту жұмыстары сапа стандартының талаптарына сай келмейді. Бұған негіз де жоқ емес. Коммуналдық кәсіпорындардың өзі жаңа коммуникацияны қабылдап алудан бас тартып отыр. Өйткені құрылыс барысында өрескел кемшіліктерге жол берілген.
Бұл ауылдың атауы «Прогресс» болғанымен, техникалық ілгерілеушіліктің ешбір нышаны байқалмайды. Ұзындығы 700 метрлік орталықтандырылған ауызсу жүйесін тарту барысында жобадан ауытқушылық көп. Ал ескі құбырдың жөндеу көрмегеніне жарты ғасырдан астам уақыт өткен. «Жаңа нысан дәл солай ұзақ қызмет ете қоймайды. Оған біз өте сенімдіміз», – дейді жергілікті тұрғындар. Су шаруашылығы мекемесі де техникалық ауытқушылық көп болғандықтан, оны қабылдаудан бас тартып отыр.
Александра Федотова, Прогресс ауылының тұрғыны:
- Ауызсу құбырын қабылдауға келген мамандар, біріншіден, ұңғыманың өзі дұрыс жасалмағанын айтты. Жоба бойынша мұнда жеті құдық орнатылуы тиіс еді. Белгісіз себептермен соның екеуі жоқ болып кеткен.
Ал Уваров ауылындағы салынуы тиіс құдықтардың бәрі орнында тұр. Дегенмен оның сапасына тұрғындардың көңілі толмайды. Құрылысы ұзаққа созылып кеткен бұл нысанның ауылға аса қажет емес екенін тұрғындар әу баста-ақ айтқан. Оған жергілікті бюджеттен 496 миллион теңге бөлінді. Ал ауылдағы әрбір үйдің ауласында электр сорғысымен жұмыс істейтін өз құдығы бар.
Светлана Чирьева, Уваров ауылының тұрғыны:
- Бәріміз құдықтың суын пайдаланып отырмыз. Ол көп үйге кіріп тұрғандықтан, біз жергілікті билік өкілдерінен ауызсу құбырының орнына орталықтандырылған жылу жүйесін салуды сұраған едік. Өкінішке қарай, бұл ұсынысымыз ескерусіз қалды.
Уваров ауылындағы орталықтандырылған ауызсу жүйесі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Жергілікті билік өкілдері: «Оның құрылысы 1 жылға кешіктірілгеніне біз кінәлі емеспіз, сондай мердігер тап болып қалды. Нәтижесінде сотқа жүгінуге тура келді», – дегенді айтады.
Нұржан Жапбаров, Глубокое ауданы әкімінің орынбасары:
- Келісімшартқа 2019 жылы қол қойылды. Соған сәйкес мердігер құрылыс-монтаждау жұмыстарын екі жылдың ішінде аяқтауы тиіс еді. Алайда олай болмады. Сондықтан да соттың төрелігіне жүгінуге тура келді.
Бұл істі қараған сот құрылысты қанша кешіктірсе де, мердігерді кінәлі деп таппады. Қайта әкімдік оларға жобалық-сметалық құнының қалған 115 миллион теңгесін төлеуі керек деген шешім шығарды. Прогресс ауылындағы құрылыс фирмасына да келісілген қаржы толық төленбеген. Сол себепті ауызсу құбыры жүйесі әлі күнге дейін халық игілігіне берілмей отыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Вячеслав Ветлугин , Дмитрий Пыхтин