Туристік нысан иелері жағажай қауіпсіздігін қамтамасыз ететін келісімге қол қоймай отыр
Алайда олардың 30-дан астамы ғана жағажай қауіпсіздігі жөніндегі меморандумға қол қойған. Яғни турист қай демалыс нысанын жалға алады, сол жердегі қауіпсіздікке кәсіпкер де жауапты болуы тиіс. Бірақ бұл жөнінде арнайы заң жоқ. Сондықтан Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті әкімдікпен бірлесіп, туристік нысан иелерін меморандум жасауға үгіттеп жүр. Өйткені тек биылғы шомылу маусымы басталғалы бері шығыста 28 адам суға батып өлген.
Мамыр айынан сары күзге дейін Бұқтырма су қоймасының жағасында ине жаншар орын болмайды. Алайда демалыс нысандарын жалға беретін кәсіпкерлер туристердің жағажайдағы қауіпсіздігіне көп бас қатырмайды. Осының кесірінен талай адам суға кетті. Кейбір демалыс нысандарында суға батқан адамдарды құтқаруға арналған құралдар да жоқ. Аймақтағы төтенше жағдайлар қызметінің мамандары туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде келісімге шақырып жүр. Бұл бастаманы туристер де құлшына қолдайды.
Әлия Сұлтанғазинова, турист:
- Жағажайлардың қауіпсіздгі көңіл көншітпейді. Ешқандай жабдық жоқ. Жыл сайын туристердің суға батқаны туралы естиміз. Балаларды айтпағанда, ересектер де көп.
Жеке қайықпен жүзетіндер де жүгенсіз кеткен.Тек Бұқтырмада ғана емес Алакөлдегі жағдай да осы. Биыл тәртіп сақшылары су бетінде ережені өрескел бұзған 36 скутердің иесін жауапқа тартқан.
Марина Лискова, облыстық ТЖД маманы:
- Көптеген база қауіпсіздік құралдарымен жабдықталмаған.Тіпті қарапайым ереже жазылған стендтер жоқ. Мәселен менің ту сыртымдағы өте қаупті аймақ саналады. Ол жерге балаларды жіберуге болмайды. Балалар шомылатын жерде белгі мен оған қойылатын талаптар бар.
Жағажай бизнесін қыздырып отырған кәсіпкерлердің жергілікті әкімдікке қоятын өз талаптары бар. Ала жаздай туристер үзілмейтін Жаңа Бұқтырма кентінде медициналық мекеме жетіспейді.
Олег Ковалёв, демалыс нысанын басқарушы:
- Бізде бір ғана дәрігер бар. Ол осы маңдағы үш үлкен курорттық аумаққа жауапты. Бір маман бәріне қалай үлгереді?! Ал Бұқтырма кентінде тек фельдшер ғана бар.
Құтқарушылар үшін ең басты мәселе жағажай қауіпсіздігі болып тұр. Бүгінге дейін Алтай ауданында 20 демалыс базасының иесі құтқарушылармен және әкімдікпен меморандум жасасты. Олар өз жағажайларындағы туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі келісімге қол қойған. Ал аймақта қазір жағажайда 200-ден аса демалыс нысаны бар. Олардың көбі қауіпсіздікті міндеттейтін келісімге қол қоймай отыр.