Қызылорда облысында вирус ушығып барады
Өңірде инфекциялық стационарлардың жүктемесі артты. Жергілікті ауруханалар жоспарлы түрде науқастарды қабылдауды тоқтатты. Үйінде ем алып жатқан азаматтар үшін 138 мобильді топ қызмет көрсетіп жатыр.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Көпсалалы қалалық аурухана 20 күннен бері инфекциялық стационар ретінде жұмыс істеп тұр. Жоспарлы емделушілерді қабылдау тоқтатылған. Барлық бөлімшелер Ковидпен күреске жұмылдырылып отыр.
Қалалық ауруханадағы төсекорындар 97% дейін толды. Барлығы 209 адам ем қабылдауда. Олардың 16-сы реанимация бөлімінде жатыр. «Екпе алмай, ентіккендердің жағдайы өте ауыр», – дейді дәрігерлер.
Бауыржан Төлеген, қалалық аурухананың бас дәрігері:
- Бастапқы кезде аурухана 14 шілдеде ашылған кезде күніне 20-25 науқас қаралған болса, қазір соңғы күндері 50 науқасқа дейін қабылдау бөлімінде жедел жәрдеммен, емхана жолдамасымен жеткізіліп жатыр. Осы емделіп жатқан науқастардың арасында айта кететін жайт, барлығы дерлік вакцина алмаған.
Өңірде COVID-19-ға шалдыққан балалар қатары артып барады. Осы айда облыстық Балалар ауруханасындағы инфекциялық төсек орны 20-дан 90-ға дейін көбейтілген. Коронавирусқа шалдыққан 57 бүлдіршіннің 2-еуі жансақтау бөлімінде жатыр.
Зоя Көшенова, облыстық Балалар ауруханасының бас дәрігері:
- Осы балалардың тарихын жинаған кезде бұл балалардың анасы, туған-туысқандары, жан-жағы Ковид инфекциясымен байланыста болғандар. Сонымен бірге айта кеткім келеді, балаларда Ковид ауруы әрі қарай күрделенбес үшін, жиілемес үшін ең бірінші өзіміздің қолымызда тұрған нәрсе деп есептейміз. Ата-аналар көпшілік жерге барамаса.
Облыстағы инфекциялық стационарларда барлығы 1232 адам ем алуда. Олардың 97-сі реанимация бөлімінде жатыр.
Жалғасбек Үсенов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Күнделікті вакциналауымыз бар. Жүкті әйелдердің тіркеліп қаралуы, үй жағдайында балалардың қаралуы, бірінші функцияларының барлығын біз осы жерден бақылап отыратын боламыз күнделікті.
Жыл басынан бері аймақта 7757 адамнан Ковид анықталған. Олардың жартысына жуығы тек шілде айында тіркеліп отыр. Мамандар: «Бұл – карантин талаптарын ескермеудің салдары», – дейді.
Әлия Әбдіқайымова, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Шілде айының өзінде 3387 жағдай тіркелді. Бұл өткен жылдың 2020 жылы тіркелген аурумен теңесіп отыр. Яғни Біз 2020 жылы тіркелген бүкіл ауруды бір-ақ айда беріп тұрмыз. Өткен жылы 3392 жағдай тіркелген болатын.
Облыста инфекциялық төсек-орын саны 1200-ден 2 мыңға дейін көбейтілген. Қазіргі уақытта төсек орын жүктемесі 63% асты. Мамандар: «Тапшылық байқалған жағдайда төсек-орын санын 3200-ге дейін жеткізуге мүмкіндік бар», – дейді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Альхайдар Турлыханов, Айтмухамбет Байдулдаев